Төрт құрлықтың тоғызқұмалақшылары Астанада бас қосты

Әлемнің 25 елінен 70-тен астам спортшы қатысып жатқан әлем біріншілігінің ашылу салтанатына Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы президенті Әлихан Бәйменов пен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Ельсияр Қанағатов қатысып, спортшыларға жылы лебіздерін білдірді.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Әлихан Бәйменов адамзат өркениеті мен әр ұлт мәдениетінің қалыптасуы мен дамуындағы зияткерлік ойындардың маңызына тоқталды.
«Зияткерлік ойындар үздіктерді анықтайтын спорттық жарыс түрі ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесінде, ұлттардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруде ерекше феномен екенін» атап өтті Федерация президенті.
«Жүйелі және қисынды ойлау, білім мен ғылымға бейімділік негіздерін қалауда, ыждаһаттық пен табандылықты тәрбиелеуде тоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойындар - ерекше ұтымды әрі таптырмас тәрбие құралы», - деді Бәйменов.
Әлем чемпионатында АҚШ, Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Әзербайжан, Германия, Грузия, Колумбия, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Сирия, Тәжікстан, Түркия, Түркменстан, Үндістан, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария сияқты мемлекеттерден спортшылар қатысуда.
Бұлардың ішінде Австрия, Камерун, Польша және Украина спортшылары тұңғыш рет тоғызқұмалақтан әлемдік аренада шеберліктерін көрсетпек.
Чемпионат ерлер және әйелдер арасында жеке-жеке классика, рапид, блиц бойынша өтуде. Алғаш рет тоғызқұмалақтан жұптық командалық жарыс болады. Оған әр мемлекеттен 1 ер, 1 әйел адам қатысуда. Әр елдің құрамасы 2 ер және 2 әйелден тұрады.
Әлем біріншілігінің басты мақсаты - қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын әлемдік деңгейде насихаттау, оның бұқаралық сипатын арттыру және осы спорт түріндегі ең үздік спортшыларды анықтау мақсатында өткізілуде.
Тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионаты 2010 жылы Астана қаласында өткізіліп, 16 елден спортшылар қатысқан болатын. 2012 жылы Чехияның Пардубице қаласында болған ІІ Әлем чемпионатына 10 елден спортшы қатысса, ІІІ Әлем чемпионаты 2015 жылы Алматыда өткізіліп, 23 елдің спортшылары бақ сынады.
Тоғызқұмалақ Лондон (2006), Пардубице (2007), Канн (2009) дүниежүзілік зияткерлік фестивальдер мен олимпиадалардың бағдарламасына енгізілген. Ұлттық ойыннан халықаралық жарыстар Антигуа мен Барбуда, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Монғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария және тағы басқа мемлекеттерде өткізілді.
2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, тоғызқұмалақ әлемдік ғаламторда www.iggamecenter.com - сайтында зияткерлік ойын ретінде тіркеліп, онлайн жүйеде ойнайтын бағдарламасы жасалынды, қазір сайттағы ойындар рейтингісін бастап тұр.
Айта кетейік, біріншілік 8 қыркүйекке дейін жалғасады. Жарысты Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігі ұйымдастыруда.