«Төрт мықты команда бас қосты»- республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Наурыздың 17-сі. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда наурыздың 17-сі, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Мевлют Чавушоглумен кездесті. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Еуропа құрылымына ерекше назар» деген тақырыппен беріліпті. «Кездесу барысында ЕКПА төрағасы М.Чавушоглу қазақстандық саяси және экономикалық реформаларға жоғары баға беріп, Еуропа Кеңесі Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі кезеңінде мейлінше көмек көрсететініне сендірді. Сондай-ақ биылғы жылы Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы қазақстандық бастаманы қолдайтынын жеткізді»,-дейді басылым.
Осы тақырыптағы мақаланы «Айқын» газетінің бүгінгі санынан да оқи аласыздар.
«Қызылағаш жедел қалпына келеді». Осы тақырыппен берілген «Егемен Қазақстан» газетіндегі келесі мақала Премьер-Министрдің екі бірдей қаулыға қол қойғанын, Үкіметтен 600 млн. теңге бөлінетіндігін, екіншіден Ақсу ауданындағы төтенше жағдайларды жою мақсатында материалдық резервтен құндылықтарды босату туралы мәселенің шешілгенін жазыпты. «Мемлекеттен бөлінген қаржы Қызылағаш пен Егінсу елді мекендеріндегі төтенше жағдай салдарын жоюға бағытталады. Сонымен қатар, аталған қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау Қаржы министрлігіне міндеттеліпті. Сондай-ақ, облыс әкімі мен тиісті сала басшыларына ауа райының күрт жылынуы мен ылғалдың мол түсуіне байланысты Ақешкі су қоймасында да қауіпті жағдайдың алдын алу шараларын мұқият жүргізуді міндеттеп, наурыз айының 17-сіне дейін қираған және жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлер жайлы толық мәлімет жинау, мемлекет тарапынан бөлінген әлеуметтік жәрдемақыларды тасқыннан зардап шеккендер түгел алуын қамтамасыз ету күн тәртібіне өткір қойылды»,-дейді басылым.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Айша бибі - шоң қақпадағы» айқай» атты мақала жарық көріпті. Мақала «қазақ-қырғыз халықаралық базарын салуға не кедергі?» деген сауалға жауап іздейді. Егжей-тегжейін басылымның бүгінгі санынан оқыңыздар .
***
«Оңтүстік Қазақстан облысы мен Мәскеу қаласы арасындағы тиімді алыс-берісті бекіту, атқарылатын іс-шараларды жолға қою мақсатында осыдан бірнеше күн бұрын Шымкент қаласы мен Мәскеуде өзара ынтымақтастық жөніндегі екіжақты меморандумға қол қойылған-ды. Осы меморандумға сәйкес жақында Мәскеу қаласының орталығына Оңтүстік Қазақстаннан тасып жеткізілген бау-бақша және ауыл шаруашылығы өнімдерін сату үшін 5 гектар жер арнайы бөлінбекші»,- деп жазды «Айқын» басылымының бүгінгі саны. Қуанышты хабардың толығын газеттегі «Мәскеудегі 5 гектар жерде «Қазақстан» бар» атты мақаладан оқыңыздар.
Бүгінгі таңда елімізде 50-ден астам театр бар. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары оннан аса қазақ театры ашылды. Таңғаларлық үлкен проблемалардың бірі - республика театрларына кәсіби режиссерлердің жетіспеуі. Мәскеуде оқыған немесе Өнер академиясын бітірген біраз режиссерлеріміздің бос жүргенін ескерсек, «режиссер жетіспейді» деген сөз абсурд қой. «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Қазақ театры: өсе ме, өше ме?» аттымақалада «Ел театрларында неге режиссер жоқ? Жалпы, қазіргі таңда қазақ театры өсу үстінде ме, өшу үстінде ме? Театрдың өркендеуіне не кедергі?» деген мағынадағы жұрт жүрегіндегі сауалдарға Орталық Азия халықаралық театр фестивалінің лауреаты Тілеген Ахметов, Мәскеудегі режиссерлік жоғары курстың түлегі Асыл Құдайбергенов және Кенжебай Дүйсембайұлы қатарлы режиссерлер өз ойларын ортаға салыпты.
Астанада бокстан халқаралық турнирдің жалауы желбіреді. Оған Әзірбайжан, Өзбекстан, Украина және Қазақстанның ұлттық құрамалары қатысуда. Бұл жарыстың ерекшелігі - бас жүлде үшін талас жекелеген спортшылар емес, командалар арасында өрбуде. Шаршы алаңның қызығын «Айқын» газетіндегі «Төрт мықты команда бас қосты» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
Өткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыстан жігер көрсетіп абыроймен шыққан Үкіметке ішінара өзгерістер жасады. Бұл шенеуніктердің біріне жаңа жұмыс ұсынып, енді бірін қызметтен шеттету үшін емес, биылғы Жолдауда айтылған нақты мәселелер мен Үкіметтің индустриялық даму туралы он жылдық бағдарламасын іске асыру үшін қолға алынған бастама. Соны бағдарламалар мен тиісті құжаттар қабылданды, құрылымдар аяқтанды. Енді нақты жұмыс жүргізу ғана қалды. Сонымен өткен аптада құрылған министрліктердің алдағы міндеті қандай болмақ? Бұл туралы толығырақ «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Жаңа министрліктердің міндеттері қандай?» деген атпен беріліген мақаладан оқи аласыздар.
«Әдетте, біз ТМД-дағы түйткілдерге үңілгіш келеміз. Кезінде Останкино өртеніп кеткенде біздің мамандар Көктөбедегі телемұнараның қауіпсіздігін қайта-қайта сынап, жаттығулар өткізіп, әбігерленіп қалған. Ал Саян-Шушенск ГЭС-індегі жарылыс бізге анау айтқандай сабақ бола алмайтын болып шықты. Алысқа ұзамай-ақ былтыр ғана Талдықорғанда болған наркодиспансер өртін алайықшы. Сол кезде де басшылықты оның салдары мен сабағынан гөрі, апат күнін аза күні ретінде жариялау-жарияламау жағы көбірек толғандырған еді...». Осылай ой тербеген «Алаш айнасы» газетіндегі «Плотиналар проблемаға толып тұр» тақырыбымен берілгенкелесі мақала біраз түйткілді мәселелерді ортаға салыпты. Егжей-тегжейін газеттің бүгінгі санынан оқыңыздар.
«Қару-жарақтың - 50, әскери техниканың 70 пайызы мүлде ескірген»,- дейді генерал-майор, әскери сарапшы Әмірбек Төгісов «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында. Еліміздің соңғы үлгідегі сапалы қару-жарақпен қамтамасыз етілу мәселесі жөнінде әскери сарапшымен ой бөліскіңіз келсе, газеттің «Дат» айдарына назар аударыңыз.