Төрт мыңнан астам елордалық түлек бос орындар жәрмеңкесіне қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Конгресс-холл ғимаратында барлық колледждер мен ЖОО студенттері үшін бос орындар жәрмеңкесі өтті. Шараны дәстүрлі түрде Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Шара ЖОО мен колледждердің түлектері мен жұмыссыз жастардың жұмысқа орналасуына нәтижелі көмек көрсетуге бағытталған. Бүгін BI-Group, Базис-А, Mega line, «Смэу Астана», Comfort air, Қазақстандық құбыр зауыты, Magnum, Transtelecom, RDC Астана, Астана Инженерлік орталығы және т.б. сынды 150 компания 500-ден астам жұмыс орнын ұсынды.
Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Талғат Рахманбердінің айтуынша, бұл жолы жәрмеңкеге 4 мыңнан астам түлек қатысқан. Талғат Рахманберді, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы: - Биыл елордалық университеттер мен колледждерді 20 мыңнан астам жас маман тәмамдады. Негізінен қызмет көрсету, құрылыс, инженерлік салалардың мамандарына сұраныс көп. Бүгінгі жәрмеңкенің ерекшелігі - оған ірі компаниялар қатысып отыр. Аталмыш шара жастар арасындағы жұмыссыздық мәселелерін шешетін маңызды механизм болып табылады. Райымбек Қырымбаев, жұмыс іздеуші: - Мен жәрмеңке туралы әлеуметтік желілерден білдім. Осында келіп, түрлі копаниялардың көптеген жұмыс орындарын ұсынатынын көрдім. Бос орындар жәрмеңккесі жастар үшін тиімді, себебі, оқу бітірген соң жұмысқа орналасу қиын. Бүгінгі күні Астанада техникалық және кәсіби білім беруді жалпы контингенті 28 мың адамнан асатын 34 оқу орны жүзеге асырады.