Төрт түлігін көшеге жіберген 100 түркістандық айыппұл төледі
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында төрт түлігін көшеге қараусыз жіберген 100-ге тарта тұрғын жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түркістан облысында төрт түлігін көшеге қараусыз жіберген 97 мал иесіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабы («Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу») бойынша жаза қолданылды.
Ал Созақ ауданында ветеринариялық құжатсыз мал тасымалдаған 11 автокөлік анықталып, иелеріне хаттама толтырылды. Сондай-ақ ҚР ӘҚҚТК-нің 406-бабына («Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу») сәйкес іс құжаттары жинақталып, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясына жолданды.
«Жол бойында қараусыз жүретін ірі-қара мал кесірінен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жоспарланған іс-шаралар атқарылып жатыр. Мал иелерімен бірлесіп жарық шағылыстыратын қарғы баулар тағылуда. Осы ретте полицейлер Қазақстан Республикасының заңдарындағы талаптарға сәйкес қандай да бір құқықбұзушылық орын алған жағдайда мал иелеріне жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», - делінген Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.