Төрт жылда Президенттік тестіні тапсыруға 7,6 миллион адам қатысты - Асхат Оралов
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2020 жылдан бастап ел бойынша Президенттік тестіні тапсыруға 7,6 миллион адам қатысты. Бұл туралы Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтардың ауқымын кеңейтудің маңызды бір құралы - Президенттік тестілерді тапсыру. Мәселен, 2020 жылдан бастап ел бойынша тестіні тапсыруға 7,6 миллион адам (2020 жылы – 1,2 млн адам, 2021 жылы – 2,6 млн адам, 2022 жылы – 3,8 млн адам) қатысты. Нәтижесінде, қазір елімізде дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың деңгейі жалпы халық санының 38,5 % (7,5 млн-нан астам адамды) құрады», - деді А. Оралов.
Оның айтуынша, балалардың бұқаралық спортпен және дене шынықтырумен тұрақты шұғылдануына жіті назар аударылып отыр.
«Осы мақсатта елімізде балалар мен жасөспірімдер клубтарының жалпы саны 800-ден астам. Оқу-ағарту министрлігінің желісі бойынша 2022-2023 оқу жылында қосымша білім беру бағдарламасы аясында мектептерде 49 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істеп, оған 1,3 млн-ға жуық бала қатысты», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жылда Қазақстанда 1,2 млн адамды қамтитын түрлі деңгейдегі спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіледі.