«Төрткүл дүниенің түйткілі төрт «т» арқылы шешілмек» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қаңтардың 20-сы, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Төрткүл дүниенің түйткілі төрт «т» арқылы шешілмек» - республикалық басылымдарға шолу

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Қазақстан мәдениетінің ардагері Жексембек Еркімбековті қабылдап, онымен ұлттық мәдениетті үдемелі дамыту және өсіп келе жатқан шығармашыл жастардың тәрбиесіндегі ардагерлердің рөлі туралы мәселелерді талқылады. Еліміздің Президенті сондай-ақ белгілі қазақ жазушысы Софы Сматаевты қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Президенті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеше Туризм және спорт министрлігінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда екі мәселе, өткен жылғы жұмыс қорытындылары мен алдағы кезге жоспарланған іс-шаралар қаралды. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Нәтижелі жұмыс жалғаса береді» атты мақалаға осы жиын арқау болған. Басылымның жазуынша, мәжілісте бұқаралық спорт пен туризм са­ла­сын дамыту, еліміздің Қысқы Азия ойындарын өткізу және алдағы ақпан айында Канаданың Ванкувер қаласында жалауын көтеретін Олимпиада ойындарына спортшыларды дайындау мәсе­лесіне баса назар аударылған.

Аталған жайтқа кеңінен тоқталған «Айқын» газеті «Үкімет басшысы министрге уәде берді» деген тақырыппен мақала басқан. Алқа мәжілісінде баяндама жасаған Спорт және туризм министрі Темірхан Досмұхамбетов «Әлем чемпионаттарында медаль жеңіп алған спортшылардың сыйақысын 7-ден 15 мың долларға, Азияда мен жасөспірімдердің олимпиадалық ойындары үшін 3,5-тен 10 долларға дейін өсіру қажет», депті. Басылымның жазуынша, өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Канаданың Ванкувер қаласында өтетін әлемдік байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетсе, қаржылық өтініштерін орындауға уәде берген.

Ал осы тақырыпты одан әрі қаузаған «Алаш айнасы» басылымының жазуынша, 2009 жылы спортшыларымыз әлем чемпионаттарында 93 медаль олжалаған. Еліміз халықаралық рейтинг қорытындысына сәйкес, олипиадалық спорт түрінен жеңіп алған алтын медальдар саны бойынша әлемде 16-шы орынға табан тіреген.

«Комсомольская правда-Казахстан» газетінің жазуынша, Спорт және туризм министрлігі Үкіметтен әлем чемпионаттарында алтын медаль алған спортшыға төленетін біржолғы сыйақыны арттыру үшін 33,5 миллион теңге қаржы сұраған.

«Қазақмыс» топ жарды». «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, аталған компания Лондон қор биржасындағы алыптар арасында бірінші орын алып, бір жылдың ішінде акциялары 470 пайыздан астамға қымбаттаған. Басылым бірқатар беделді шетелдік БАҚ-тарда «Қазақмыс» компания­сы­ның 2009 жылғы табысты жұ­мысына тоқталғандығын алға тартып, олардан үзінді жариялаған.

Қаңтардың 19-ында Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаевтың төр­ағалығымен (шетелде) кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның биылғы жылғы алғашқы отырысы өтті. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, еліміздің өркендеуіне, білім-білігіне үлес қосуға ұмтылған жастардың құжаттарын қарай келіп, Шетелде кадр дайындау жөніндегі республикалық комиссия отыры­сы­ның қорытындысында 590 үміт­кер­ге «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданған. «Үміткерлерге Президенттік стипендия тағайындалды» деген тақырыппен жарық көрген мақаланы басылымның бейсенбілік нөмірінен егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

«Ел болашағы «Болашақпен» байланысты». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарияланған келесі мақала да Шетелде кадр дайындау жөніндегі республикалық комиссия отыры­сы­на арналған. Басылымның жазуынша, үміткерлердің басым көпшілігі Ұлыбритания, АҚШ және Ресей жоғары оқу орындарына өтініш білдірген.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - техника ғылымының докторы Әбді Қиялбаев. Сұхбат «Елімізде көлік жолдарын пайдалану өзектілігін жойған емес» деген тақырыппен жарық көрген. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның бейсенбілік нөмірінен оқи аласыздар.

***

«Еліміз биыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық эстафетасын алып, бір апта бұрын ресми түрде басшылық қызметке кірісті. Әлемдегі ең іргелі аймақтық ұйымды басқару бақыты Қазақстанға кездейсоқ келген жоқ. Бұл еліміздің Тәуелсіздік алған сәттен бастап ұстап келген тұрақты саясаты мен жібектей жұмсақ дипломатиялық қарым-қатынасының арқасында бұйырды», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақала «Төрткүл дүниенің түйткілі төрт «т» арқылы шешілмек» деген тақырыппен жарияланған.

Осы басылымда Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, тілші-ғалым Асылы Османмен арадағы сұхбат «Тіл білгеннің тамырында ұлттық, халықтық, елдік, мемлекетшілдік қан ойнайды. Менің зарым да, дауым да - осы!» деген тақырыппен басылған. Екеуара әңгіме барысында тілші-ғалым «Ұлттық рухтағы тәрбие болмаса, келешекте бәрінен айрыламыз. Мен жаһандануға қазақ болып барғанды жақсы көремін. Ол үшін ата-бабамыздан келе жатқан тәрбиені жандандыруға тиіспіз. Тәрбиесіз білім - сусыз диірмен. Анаған жармасып, мынаған жармасып, әр жерден үзіп-жұлып берген білім «білім» болмайды. Тәрбиені де, білімді де саналы түрде беруіміз керек», деп өз пікірін білдірген.

«Казахстанская правда» газеті «Вашингтон таймс» басылымында жарық көрген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ЕҚЫҰ үшін Саммит қажет» мақаласының аудармасын жариялады.