Төсек жабдықтары ескі, емі ақылы: Алматы тұрғыны №7 ауруханаға шағымданды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы тұрғыны қала әкімі Ерболат Досаевтан № 7 қалалық клиникалық ауруханаға шағымданып, тексеру жүргізуін сұрады.

аурухана
Фото: Pixabay

Ерболат Досаевтың Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында алматылық әйел №7 қалалық клиникалық ауруханасының төсек жабдықтары көне, кейбір қызметі ақылы екенін айтты.

«Қалқамандағы № 7 ауруханаға қатысты өтінішім бар. Кеңес заманынан бері жұмыс істеп келе жатқан аурухананың палаталары ескі, төсек жабдықтары тозып кеткен. Соған бір жаңашырлық танытып, тексеру жүргізсеңіз. Сондай-ақ көп ем-домы ақылы»,- дейді аудан тұрғыны.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметековтың айтуынша, ауруханаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда.

«Осы жылдың сәуір айында №7 қалалық клиникалық ауруханасына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзір болады. Сосын ауруханада жөндеу жұмыстары басталады. Емдеу мекемесінде қызмет тегін көрсетіледі. Егер қызмет МӘМС аясындағы тегін медициналық көмекке жатпаса, онда ақылы болады»,- деп жауап берді басқарма басшысы.