Total президентінің қазасы концерннің Қашағанға қарым-қатынасын өзгертпейді - Ұ.Қарабалин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Total президентінің қазасы концерннің Қашағанға қарым-қатынасын өзгертпейді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

Total президентінің қазасы концерннің Қашағанға қарым-қатынасын өзгертпейді - Ұ.Қарабалин

«Қашаған жобасында Total концерні де жұмыс істеуде. Бұл - жоғары деңгейде ұйымдастырылған әлемдік деңгейдегі компания. Меніңше, бұл компанияның менеджментінде «туды көтеріп», одан ары жылжуға қабілетті адамдар бар. Total-дың басты желісі осынау қайғылы жайтқа байланысты Қашаған жобасына қатысты қарым-қатынасын өзгертпейді деп ойлаймын», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Францияның Total энергетикалық компаниясының Президенті Кристоф де Маржери (Christophe de Margerie) Мәскеудегі «Внуково» әуежайында апатқа ұшыраған Falcon-50 ұшағында қаза тапты. «Falcon» жеке ұшағы қар жинаушы көлікке соғылған еді.