Total президентінің ұшағы апатына себеп болған қар жинайтын машинаның жүргізушісі ішімдік ішкен
АСТАНА. ҚазАқпарат - Total президенті Кристофа де Маржеридің бизнес-джетімен соғылған қар жинайтын машинаның жүргізушісі мас болған. Бұл туралы Ресейдің Тергеу комитетінің ресми өкілі Владимир Маркиннің мәліметтеріне сүйенген РБК хабарлады.
«Қазір қар жинайтын машинаның жүргізушісінің ішімдік ішкені анықталды. Сонымен бірге, іс тергелгенше әуежайдың бірқатар қызметкерлерін шеттету туралы шешім қабылдануы мүмкін», - деп хабарлады В.Маркин. Естеріңізге сала кетейік, Внуково әуежайында апат сейсенбіге қараған түні болды. 20 қазан күні шамамен сағат 23:57 кезінде Мәскеу-Париж бағытындағы төрт орындық Falcon-300 ұшағы арнайы техника автокөлігін қағып кетіп, өртеніп, ұшу-қону жолына құлады. Апат салдарынан Total француз компаниясының президенті Кристоф де Маржери мен экипаждың үш мүшесі қаза болды.