Тоталитарлық секталық ағым - мемлекет ішіндегі кіші мемлекет ? Ресей теологы А.Дворкин
АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ресейдің Секталар мен діндерді зерттеу орталықтары қауымдастығының президенті,
белгілі теолог Александр Дворкиннің қатысуымен дәстүрлі емес діни ағымдардың әлемдік мәселелеріне арналған семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. А.Дворкин дін саласындағы қызметін АҚШ-тың Нью-Иорк қаласындағы Құтқарушы Христос православ шіркеуінде бастайды. АҚШ-тың Фордхем университетінде докторлық диссертациясын қорғап, Ресейге оралады. Көп жылдар бойы Ресейдегі Православ университетінде сабақ беріп, шіркеу тарихының профессоры атанды. 17 жылдан бері діндер және дәстүрлі емес діни ағымдар саласын зерттеп келеді. «Ең алдымен секталар тұлғаға қауіп төндіреді. Моральдық, психикалық жағынан аздырады. Отбасылардың шаңырағын күйретіп кетеді. Секталар қоғамға да қауіпті. Дәстүрлі діндер қоғаммен әрдайым қарым-қатынаста болып, оны байытып отырса, ағымдар қоғамға ештеңе бермейді. Бере де алмас. Керісінше, қоғамнан аларын алып, сөлін сорып кетеді. Және, ең бастысы, секталар мемлекетке қауіп төндіреді. Тоталитарлық секталық ағым - мемлекет ішіндегі кіші мемлекет сияқты. Оларда өз заңдары, тәртіптері бар», - дейді теолог ғалым. Оның пайымдауынша, олармен күресу үшін елде азаматтық қоғам институты мықты болуы шарт. Және елде тыйымның негізінде пайда болатын ақпаратсыздыққа жол бермеу керек. «Керісінше, секталар жайында халыққа мейлінше көп дерек тарату керек», дейді ол. «Ағымдар өздерінің қызметтері жайлы еш ақпарат болмағанын қалайды. Олар өз қызметтерін өздері әшкерелеп отырса, онда секталар бұл әлемде болмас та еді», - деп атап көрсетті ол.«Секталар уақыт ағымына қарай өте тез жетілдіріліп отырады. Мемлекеттің заңдарындағы шикілікті еппен, айламен пайдалана біледі. Діни ағымдар сектатану атты зерттеу пәніне қарағанда әлдеқайда алда жүреді. Сондықтан ғылым оның қызметін тіркеп, жою шараларына ғана қатыса алады», - дейді А. Дворкин.