Төтенше жағдай дабылы неге «президенттік» деп аталды – Алматы әкімдігі жауап берді

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда Mass Alert төтенше жағдай  туралы құлақтандыру жүйесі сәтті сыналды.

 Төтенше жағдай дабылы неге «президенттік» деп аталды – Алматы әкімдігі жауап берді
Фото: pixabay.com

Қала әкімдігі құлақтандыру жүйесін тексеру туралы хабарламалар «Президенттік құлақтандыру» немесе «Ұлттық құлақтандыру» белгісімен келгенін атап өтті.

«Бұл 3GPP TS 23.041 халықаралық спецификациясы Cell Broadcast арнасының тақырып атауларын стандарттаумен байланысты, осы спецификацияға сәйкес барлық телефон аппараттын өндірушілер өздерінің мобильді құрылғысында осы атауларды операциялық жүйе деңгейінде жүзеге асырады. Халықаралық спецификацияда қабылданған тақырыптардың атауы өзгермейді», - деп хабарлады әкімдіктен.

Осыған байланысты 4370 арнасында «Президенттік құлақтандыру» және «Ұлттық құлақтандыру» деген атаумен хабар таратылды.

«Қазір «Ұлттық құлақтандыру» деген атаумен әзірлеушілер үшін Қазақстан Республикасына арналған талаптар әзірленіп жатыр», - деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, бүгін сағат 12:00-де Android операциялық жүйесі бар мобильді құрылғыларды пайдаланушылар қазақ, орыс және ағылшын тілінде хабарлама алды. 

Алматы әкімдігі атап өткендей, Mass Alert жүйесінің SMS-ке қарағанда бірқатар артықшылығы бар. Хабарлама мобильді оператор желісіне қосылған, сондай-ақ жеке таңдалған географиялық аймақтағы барлық абонентке келеді. Сонымен қатар жүйе желілердің шамадан тыс жүктелу жағдайында жұмыс істейді.

Cell Broadcast технологиясының басты артықшылығы — қамту аймағындағы барлық абонентті бірден әрі жаппай ескертеді.