Төтенше жағдай: Елімізде қанша банк зақымданды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде бұзақылардың іс-әрекеті салдарынан екінші деңгейлі бірқатар банктің бөлімшесі зақымдалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Хабар-24 телеарнасының мәліметінше, елімізде бұзақылардың шабуыл салдарынан Kaspi bank-тің 4 бөлімшесі зақымданды. Олардың үшеуі Алматы қаласында, ал біреуі Тараз қаласында орналасқан.
Айта кетейік, ҚР Ұлттық банкінің баспасөз хатшысы Олжас Рамазанов еліміз бойынша барлық екінші деңгейлі банктер мен Қазақстан қор биржасының жұмысы уақытша тоқтатылғанын мәлім еткен болатын.
«Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық банкі бірқатар өңірде күш құрылымдарының контртеррористік операция жүргізуіне және интернет жүйесіндегі уақытша іркілістерге байланысты, сондай-ақ, қызметкерлер мен қаржы қызметтерін тұтынушылардың қауіпсіздігі үшін барлық қаржы ұйымдарының соның ішінде екінші деңгейлі банктердің Қазақстан қор биржасынан, бағалы қағаздардың орталық депозитариінің жұмысын 2022 жылғы 6 қаңтарда уақытша тоқтату қажеттігі туралы хабарлайды», - деді Ұлттық банктің баспасөз хатшы.