Төтенше жағдай кезінде дәрігерлерді ренжіткен сәттер көптеп кездесті - Павел Казанцев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Павел Казанцев індетке байланысты төтенше жағдай кезінде дәрігерлерді кінәлап, кемсіткен адамдарды сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдай кезінде дәрігерлерді ренжіткен сәттер көптеп кездесті - Павел Казанцев

«Біздің дәрігерлеріміз қауіп ошағында алдыңғы қатарда қызмет етуде. Алайда оларға алғыс айтып, қолдау білдірудің орнына, желідегі адамдардың кейбірі оларға күйе жағуға тырысып бағуда», - деп тоқталды депутат Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Осы орайда әлеуметтік желіде түрлі пікірлер тарап жатқанын және олардың барлығы негізсіз сипатта екенін атап өтті.

«Дәрігерлер төзімділік танытып келеді. Эпидемиологиялық қауіпсіздік ережелерімен келіспеген шетелден келген туристер балағаттап, қорқытпақшы да болды. Блокпоста адамдардың дене қызуын тексермек болған кезде, дәрігерлердің бұл әрекетін адамдар смартфонға түсіріп, әлек болып жатты. Біздің медицина қызметкерлерімізді кемсітіп, ренжіткен сәттер көптеп кездесті. Дегенмен олар өзінің міндетін орындап келеді», - деді Казанцев.

Осы орайда ол инфекция жұқтырған адамдарды тексергеннен кейін, дәрігерлер үйге бармайтынын, карантинге жіберілетінін еске салды.

«Ал олардың үйлерінде кішкентай балалары, қарт ата-анасы және өзге де міндеттері бар екенін ұмытпау керек. Инфекциялық стационарлардың қызметкерлері аурухананың өзінде тұрып жатыр. Өзге елдерде медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетіп жатқанын көрдік. Бүгін енді біздің қаһармандарымызға қолдау көрсетіп, алғыс айтудың кезегі келді. Осы орайда адамгершілігімізді сақтап, лайықты қадамдар жасайық», - деді депутат.

Бұл тұрғыда ол Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов атына жолданған депутаттық сауалда тиісті ұйымдастырушылық, ақпараттық шаралар жүргізу керектігін ұсынды.