Төтенше жағдай: Нұр-Сұлтан қаласында бизнес нысандарының көліктері қалай қозғалуы керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласындағы коменданттық сағат кезінде бизнес субъектілеріне тиесілі көлік құралдарының қызметін реттейтін ереже шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдай: Нұр-Сұлтан қаласында бизнес нысандарының көліктері қалай қозғалуы керек

Құжат бойынша, Төтенше жағдай кезеңінде бизнес субъектілері (сауда объектілері мен базарлар, дүкендер, дәріханалар және басқа да объектілер):

1. Жұмыс кестесін 8 сағат 00 минуттан 22 сағат 00 минутқа дейін қамтамасыз етсін;

2. Бизнес субъектілерінің басшылары тонау, тауарларды ұрлау және мүлікті бүлдіру жағдайларын болдырмау үшін қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдасын;

3. Азық-түлік және тамақ өнімдерін үздіксіз жеткізуді ұйымдастырсын.

Үш ауысымды кестемен жұмыс істейтін және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тасымалдаушы ұйымдардан басқа азық-түлік емес тауарларды, шикізатты, материалдарды жеткізу қызметтерінің жұмысы коменданттық сағат басталғанға дейін жұмыс кестесіне сәйкес ұйымдастырылсын;

Сондай-ақ, ұйымдардың көлік құралдарының коменданттық сағат кезінде кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етілуі керек.

Нұр-Сұлтан қаласындағы кәсіпкерлік саласындағы уәкілетті орган күн сайын автокөлік құралына арнайы рұқсаттама беріп отырады.

Осындай рұқсатпен қалада көлікпен жүру үшін мынадай құжаттар керек:

Жеке куәлік немесе паспорт (жүргізуші және қызметкерлер);

автокөлік құралына арнайы рұқсаттама;

тауар жүкқұжаты және түпнұсқадағы жеткізу мекенжайлары;

Үш ауысымды жұмыс кестесі бар қызметкерлерді тасымалдау кезінде төтенше жағдай кезінде жұмыс орнын растайтын құжат (жұмыс орнынан анықтама және т. б.) түпнұсқада;

жеткізу мекенжайы құжатта көрсетілген жұмыс орнына сәйкес келуі керек.

Үш ауысымды жұмыс кестесі бар бизнес субъектілері қызметкерлерді тұрақты бекітілген көлік құралында орталықтандырылған тасымалдаумен қамтамасыз етуге тиіс.