Төтенше жағдай туралы Астана тұрғындары SMS арқылы хабарландырылатын болды
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін ескере отырып, Астана қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері адамдарды төтенше жағдайлар туралы хабардар етудің жаңа әдісін әзірледі.
Енді «Tele2» ұялы байланысының абоненттері төтенше жағдай туралы алғашқылардың бірі болып біледі. Бұл туралы елордалық ТЖД-ның баспасөз қызметінен мәлім етті.
«Астаналық ТЖД «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ның «Tele2» операторымен Астанадағы және 20 шақырым қашықтықтағы қаламаңы елді мекендеріндегі компания абоненттеріне табиғи немесе техногендік сипаттағы ірі төтенше жағдайлар болғанда немесе оның қаупі туындағанда смс-хаттарды жаппай және жедел таратуды ұйымдастыру жөнінде келісімге қол қойды», - делінген таратылған хабарламада.
Ведомствоның мәліметтеріне сәйкес, елордалық ТЖД Астана қалалық Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар туралы құлақтандыруды қамтамасыз ету және байланыс қызметімен бірлесе осындай келісімдерді өзге ұялы байланыс операторларымен жасау бойынша жұмыстар жүргізуде.