Төтенше жағдайдағы өңір жастарының несиесін өтеу кейінге шегерілді - министрлік

кредит алу
Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Мадияр Уақпаев су басқан өңір тұрғындарына қандай әлеуметтік көмек, қолдау көрсетіліп жатқаны туралы айтты.

«Төтенше жағдай режимі жарияланған аудандар мен қалаларда субсидияланатын жұмысқа орналасқан 8 мыңға жуық адамның жалақысын еңбек мобильділігі орталықтары жұмыс берушілерден мәліметтерді талап етпей төлейді. Сонымен қатар шағын несиелендіру бағдарламасы бойынша қарыз алған жастардың несиені өтеуді кейінге қалдыру қамтамасыз етіліп, басқа да мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылады», - деді Мадияр Уақпаев «Хабар» телеарнасының эфирінде «Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафонына қатыса отырып.

Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып, «Электрондық үкімет» мобильді қосымшасында су тасқыны салдарынан келтірілген залалды өтеуге өтініштер беру функциясының іске қосылғанын айтты. 

Айта кетейік, су тасқынынан зардап шеккен 5 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалды

Соңғы жаңалықтар