Төтенше жағдайлар кезінде вахталық жұмыс мерзімі ұзартылуы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Төтенше жағдай, дүлей зілзала немесе өнеркәсіптік апат болған жағдайларда вахталық жұмыстың мерзімі ұзарады. Мәжілістің қарауына енгізілген «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында осылай жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген, дүлей зілзаланың немесе өндірістік аварияның алдын алу не олардың зардаптарын дереу жою үшін не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының шешімі бойынша карантинді енгізу кезінде, сондай-ақ жұмыскерлердің өмірі немесе денсаулығына қатер төндіретін басқа да ерекше жағдайларда жұмыс беруші жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығын сақтай отырып, жоғарыда көрсетілген жағдайлар жойылғанға дейін вахтаның ұзақтығын арттыруға құқылы», - деп жазылған жаңа редакцияда.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндірме құжатында мұндай бастама үздіксіз қызмет ететін өндіріс, цех және учаскелердегі жұмысты толық қамтамасыз ету мақсатында енгізілгені айтылған. Дегенмен бұл орайда қызметкердің жұмыс кестесі мен тынығу уақыты сақталады.

Сонымен қатар аталған заң негізінде ҚР Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу ұсынылды. Оған сай, енді уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша 1 айға төленетін әлеуметтік жәрдемақы 15 АЕК-тен (51 750 теңгеден) 25 АЕК-ке (86 250 теңгеге) дейін ұлғаймақ.


Соңғы жаңалықтар
telegram