16:56, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
Төтенше жағдайлар қызметіндегілерді Шығыс Қазақстанда жоғалып кеткен балықшылар алаңдатып отыр
АСТАНА. Қаңтардың 16-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Төтенше жағдайлар саласы қызметкерлерін Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында балық аулауға шыққан азаматтардың жағдайы алаңдатып отыр.
Бұл туралы бүгін журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген «Төтенше жағдайлар министрлігінің дағдарыс орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының бастығы Марат Құндақбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, балықшылар кеше атқа мініп балық аулауға шыққан, сол күйі үйлеріне қайтпаған. «Қазіргі уақытта жоғалған азаматтарды іздестіру жұмыстары жүрігзілуде», дейді кәсіпорын бастығы. Оның сөзіне қарағанда, балықшылар қазір төтенше жағдайлар саласы қызметкерлерінің ескертулеріне құлақ асар емес. Алматы облысының Балқаш ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында бірнеше азамат «балық аулауға кеттім» деп содан қайтып оралмаған. «Абырой болғанда, олар төтенше жағдайлар қызметкерлерінің күшімен іздестіріліп, табылды», дейді М.Құндақбаев.