Төтенше жағдайлар министрі Алматы облысының тұрғындарын марапаттады

ТАЛДЫҚОРҒАН. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Ақсу ауданындағы құтқару жұмыстарына атсалысқан Алматы облысының тұрғындарын марапаттады.

Төтенше жағдайлар  министрі  Алматы  облысының тұрғындарын  марапаттады

Награда алғандардың қатарында - су тасқынынан кейін дереу қызметіне кіріскен Қызылағаш ауылының жаңа әкімі Сәуле Амитова бар. Министр әкімді «Құтқару шараларына белсенді атсалысқаны үшін» төсбелгісімен марараттады. Ал апатқа ұшыраған қызылағаштықтарды өз жүк көлігімен қауіпсіз жерге соңына дейін көшірген жүргізуші Қазбек Сепсуев «Төтенше жағдай кезінде көрсеткен ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Апаттың салдарын жоюға жұмылдырылған облыстық басқармалардың басшылары да наградаға ұсынылды.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың наурыз айында бөгеттің бұзылуы салдарынан Қызылағаш ауылын толық, Ақтоған және Егінсу ауылдарын жартылай су шайып кеткен болатын, кісі құрбандықтары да орын алып еді. Елді мекендер қысқа мерзімнің ішінде, 4 айдың ішінде толық қалпына келтірілді.

«Төтенше жағдайлар, ішкі істер департаменттерінің қызметкерлері, жергілікті билік өкілдері сол бір қайғылы күндері табандылық, ынтымақтастық танытты, апаттың салдарын жоюға бар күштерін салды. Ең маңыздысы сол, қысқа мерзімнің ішінде халықтың барлық проблемаларын шешу, оларды барлық қажетті нәрселермен қамтамасыз ету керек болды, және ол сіздердің қолдарыңыздан келді», - деді министр В.Божко өз сөзінде.