18:02, 20 Маусым 2023 | GMT +5
Төтенше жағдайлар министрі өрт сөндіру тікұшақтарына қатысты пікір білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлар министрлігіне қосымша тікұшақтар сатып алынады. Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы Сырым Шәріпханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Мәжілісте тілшілер министрден ведомствоға қарасты өрт сөндіруге арналған неше тікұшақ бар екенін сұрады.
«Төтенше жағдайлар министрлігінде 30-ға жуық тікұшақ бар. Атап айтқанда, тікұшақтарды көбейту керек болып тұр. Бұл бағытта тиісті қадамдар жасалып жатыр, жол картасы ескерілген», - деді С. Шәріпханов.
Осы орайда ол еліміздегі өртке қатысты ахуалды ескере отырып қажет техника санын есептеу жүретінін айтты.
«Бұрын осындай алапат өрт болмаған. Бұл тұрғыда тиісті зерттеу жүргізіп, қажет техниканы есептеу керек», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, кешенді жоспар аясында министрлікке 2027 жылға дейін тағы 16 тікұшақ жеткізілетіні мәлім болды.