Төтенше жағдайлар министрлігі судан құтқару қызметінің материалдық жағдайын жетілдіруге дайын ? вице-министр
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Соңғы жылдарда еліміздегі суға батып кеткен адамдар саны біршама артып отыр. Ал әкімшіліктер тарапынан судан құтқару қызметіне бөлінетін қаржы көлемі бұрынғы қалпында қалды. Бұл жағдаймен біз жақсы таныспыз. Осыған орай судан құтқару қызметін қаржыландыру көлемін арттыруға биылдың өзінде әрекет етіп үлгердік», -
деді Төтенше жағдайлар вице-министрі Абылай Сабдалин бүгін судан құтқару қызметінің өкілдерімен кездесуі барысында. «Біз қазірдің өзінде Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан сияқты судан құтқару қызметін айрықша қажет ететін аймақтардың құтқару саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуды 49 миллион теңгеге ұлғайтуды көздеп отырмыз. Алайда бұл мәселе жөнінде қазір нақты ештеңе айта алмаймыз. Соған қарамастан 2010 және 2011 жылдары осы мақсатқа міндетті түрде белгілі бір көлемде қаржы бөлуді қарастыратын боламыз», - деді вице-министр. Сондай-ақ министрлік өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, судан құтқару қызметі биылғы жылдың басынан бастап, төтенше жағдайлар саласының құзырына енді. Ал олардың бюджеті бұрынғы, яғни жергілікті әкімшіліктердің құзырында болған кездегі қаржының көлемінде қалып отыр. Министрлік болса, судан құтқару қызметінің нақты базасының жағдайын білмейтіндіктен оған бөлінетін қаржы көлемін арттыру жөнінде ешқандай мәселе қоя алмайды. «Сіздер төтенше жағдайлар саласының құрамына енді ғана ендіңіздер. Сондықтан біз сіздердің материалдық жағдайларыңызды жіті зерттеп-зерделеуге енді ғана мүмкіндік алып отырмыз», - деді вице-министр.