Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи апаттан жапа шеккендерге материалдық көмек беруден бас тартпақ

Осындай заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Парламент Сенатының Өңірлік даму және табиғатты пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысы барысында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті.
Жүздесу барысында биылғы су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге мемлекет тарапынан берілетін көмек мәселелері қозғалып, ондай қамқорлықтың барлық азаматтарға бірдей жетпей қалатын жайттары да айтылды. «Жалпы алдағы уақытта табиғат апаты үшін материалдық көмек беруден бас тарту тетігін енгізуді көздеп отырмыз. Оның орнына жұртшылық өздерінің қора-жайларын, баспаналарын сақтандыруы тиіс, сондай тетікті енгізуді қарастырамыз. Осы мәселені қамтитын заң жобасы бүгінде Үкіметтің қарауында жатыр. Жақын арада ол Парламентке жіберілмек», - дейді В. Божко.