Төтенше жағдайлар министрлігінде алқа мәжілісі өтуде

АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Елбасының биылғы Жолдауы Қазақстанды экономикалық және қаржы дағдарысынан шығаруға бағытталған құнды құжат болды.

Төтенше жағдайлар министрлігінде алқа мәжілісі өтуде
Онда Мемлекет басшысы дағдарыстың сырттан келгендігін, соған қарамастан мемлекетіміз осыған дейінгі жинаған күш-жігерінің арқасында қиындықтарды өзге елдерге қарағанда ауыртпалықсыз жеңу үстінде», деп атап көрсетті Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко. Бұл туралы ол бүгін ведомствоның алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Министрдің сөзінше, Президент Жолдауындағы мәселелер осы уақытта өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Айталық елімізде дағдарысқа қарамастан әлеуметтік мәселелер өзгеріссіз тиімді шешімін тауып, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттен қаржыландырылатын мекеме өкілдерінің жалақылары 25 пайызға артты. Сонымен қатар зейнеткерлер мен студенттердің шәкіртақылары да өсті. «Бұл санаттағы азаматтардың жалақылары алдағы жылдары да тұрақты өсе бермек. Президенттің Жолдауда атап көрсеткен басты мәселелерінің бірі - тұрғындарды жұмыспен қамту шарасы болып отыр. Бұл бағытқа, өздеріңіз білесіздер, қомақты қаржы бөлінді. Президент Жолдауында төтенше жағдайлар саласына қатысты көтерілген басты мәселелердің бірі «Көксарай» су қоймасына қатысты болып отыр. Оның су тоспасын бізге биылғы жылы іске қосу міндеттеліп отыр. Бұл міндетті біз бұлжытпай орындауымыз қажет», деді министр.Төтенше жағдайлар министрлігінің бүгінгі алқа мәжілісінде Елбасының ағымдағы жылғы Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалу барысы сөз болды. Сонымен қатар ведомство өкілдері төтенше жағдайлар саласының өрт сөндіру және апаттан сақтандыру қызметтерінің жағдайы мен оны жетілдіруге қатысты шараларды талқыламақ. Сондай-ақ онда министрліктің өткен жылдың шілде айының 17-інде өткен алқа мәжілісінде қабылданған шешімдердің орындалу барысы әңгіме болады.