Төтенше жағдайлар министрлігінде мемлекеттік сатып алуда қамтылған қызметтің 91,9 пайызы - қазақстандық
АЛМАТЫ. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Төтенше жағдайлар министрлігіндегі мемлекеттік сатып алудың 9 айдағы қорытындысы бойынша тауар, жұмыс пен қызметтегі қазақстандық қамту көлемі белгілі болды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен "Жеңіл өнеркәсіптегі қазақстандық үлес" деп аталатын конференцияда айтылды.
Министрліктің Материалдық-техникалық қамтамасыз ету департаментінің Мемлекеттік сатып алу басқармасының сарапшысы Әйгерім Маратованың айтуынша, қазақстандық қамту тауарларда - 62,2 пайыз, жұмыстарда - 88,3 пайызды, қызметтерде - 91,9 пайызды құрады. Мемлекеттік сатып алу формалық киім-кешекте 100 пайыз болды. Ақшаға шаққанда бұл 290 миллион 352 мың 456 теңгені құрайды.
Министрлік алдағы 2011-2012 жылдары да формалық киім-кешекке 1 миллион теңгеден бөлмек. Жалпы тауар сатып алуда ең көп қаржы өрт сөндіру техникаларына бөлінбек. Оған да 2011-2012 жылдары 2 миллионнан астам теңгеден қарастырылып отыр.