Төтенше жағдайлар министрлігінде штат санын қысқарту қарашаның 1-іне дейін аяқталады
СТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінде штат санын қысқарту қарашаның 1-іне дейін аяқталады. Бұл туралы бүгін BNews.kz порталында өткен онлайн-конференция барысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі В.Божко мәлім етті.
«Елбасының тапсырмасына сәйкес, министрліктің өрт сөндіру және әскери бөлімшелері қысқартылмайды. Ал қалған бөлімшелер, атап айтқанда облыстық департаменттер, құтқару бөлімшелері, суда құтқару қызметі 2-3 адамнан қысқартылатын болады. Біз бұл шараны орындаймыз», - деді министр.
Оның атап өтуінше, құтқарушыларды қысқартуға қатысты барлық мәселелер қарашаның 1-іне дейін толығымен шешілмек.
Айта кетейік. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Мемлекеттік бюджеттің және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің сметасының (бюджеті) есебінен ұсталатын органдардың штаттық санын оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес мемлекеттік бюджеттің және Ұлттық банк сметасының (бюджеті) қаржысы есебінен ұсталатын органдардың штаттық саны, құқық қорғаушы және сот органдарын қосқанда, 15 пайызға қысқартылады. Жарлықты жүзеге асырудың нәтижесінде жалпы республика бойынша аталған органдардың штаттық сандарының лимиті 26 мың бірліктен астамға азаяды.