Төтенше жағдайлар министрлігіндегі өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді меңгеру бойынша байқау өткізуде

АСТАНА. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінде Тілдер күні мерекесіне орай «Мемлекеттік қызметте-мемлекеттік тілмен» атты тақырыпта республикалық конкурс өтуде,

Төтенше жағдайлар министрлігіндегі өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді меңгеру бойынша байқау өткізуде

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараның мақсаты мемлекеттік қызметкерлер арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, министрлік қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынта-ықыласын арттыру болып отыр.

Конкурсқа қатысушылардың барлығы мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері. Олар - ел аймақтарында ұйымдастырылған Тілдер күні мерекесіне арналған аймақтық конкурстардың жеңімпаздары. Бүгінгі байқауда  Астана мен Алматы қалаларынан және еліміздің 14 облысынан келген 16 азамат бақ сынайтын болады. Олар байқаудың жоспарына сәйкес, басты үш кезеңнен тұратын талаптар бойынша сынға түседі. Оның біріншісі бойынша байқауға қатысушы   қазақ тілінде өлең оқиды немесе ән шырқайды, екіншісінде,  қазақ халқының салт-дәстүрлеріне байланысты мақал-мәтелдер айтады.

Ал үшінші талап бойынша мемлекеттік тілде құжаттар әзірлеп, іс-қағаздарын орыс тілінен қазақ тіліне және қазақ тілінен орыс тіліне аударып, арнайы дайындалған тақырыптар бойынша қазақ тілінде сөйлем құрайды. Байқау жеңімпаздарына министрлік дайындаған арнайы дипломдар мен құнды сыйлықтар табыс етілетін болады.

 Мерекелік шараны Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров ашты. Ол мемлекеттік тілді меңгеруде елімізде жақсы жетістіктердің бар екендігін сөз ете келе, қазақ тілін меңгеру еліміздің әрбір тұрғынының басты парызы екендігін атап көрсетті.