18:40, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Төтенше жағдайлар саласы отандық тауарларға сұранысты арттыруда
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Ақмола облысының әкімі Альберт Раумен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесу облыс әкімдігі мен төтенше жағдайлар саласы арасында қабылданған меморандумға байланысты болды. В.Божконың айтуынша, қазіргі таңда елімізде мемлекеттік сатып алулар кезінде қазақстандық тауардың неғұрлым көп алынуына көңіл бөлініп отыр. Осыған орай отандық тауар өндірушілермен тығыз қарым-қатынас жасала бастады. «Бұл бағыттағы шаралардан біз де кенде емеспіз. Алғашқы меморандумды біз Талдықорғандағы аккумулятор зауытымен және арнайы тапсырыспен киім тігетін ұйымдармен жасадық. Осы орайда айта кететін жайт, біз жуырда кәсіпкерлермен кездесіп, оларды өзіміздің қандай тауарларды қажет етіп отырғанымыздан жан-жақты хабардар еттік», - дейді министр. Оның пікірінше, министрлікке қажетті тауарлар Ақмола облысында да өндіріледі. «Кезінде мен осы облыстағы «Тыныс» зауытында болдым. Сонымен қатар «КамАЗ» шығаратын зауытты да араладым. Мені қуантқаны, онда төтенше жағдайлар саласына қажетті және осында жеткізуге болатын көптеген тауарларды кездестірдім. Мысалы, «Тыныс» зауытында шығарылатын, тыныс алуға мүмкіндік беретін құралдар біздің қажетімізге жарайды. Оның үстіне аталған жабдықтардың сапасы жап-жақсы. Ал «КамАЗ-ға» келетін болсақ, біздің «Өрт сөндіруші» атты акционерлік қоғамымыз өрт сөндіретін көліктерді жөндеу мен құрастыру жұмыстарымен айналысуды бастады. «КамАЗ» осы мақсаттарға аса қажетті көлік», - деді В.Божко. Сондай-ақ ол аталмыш келісімдердің Үкіметтің жұмыс орындарын сақтауға байланысты жүргізіп отырған саясатын қолдау мақсатында іске асырылып отырғандығын атап көрсетті.