Төтенше жағдайлар саласының ескертуін елемегендер қиындыққа тап болды – ТЖМ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі қыс мезгілінде жүргізілген құтқару жұмыстарына қатысты мәліметтерді жариялады. Министрліктің деректеріне қарағанда, қыста боранға қарамастан ел тұрғындары елді мекеннен тыс жерлерге сапарға шығып жатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Төтенше оқиға және қаупті жағдай туралы халықты ескерту мақсатында халықтың ұялы телефондарына ауа райының нашарлауы туралы 3 896 СМС-хабарлама, «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы 1 265 хабарлама жіберілді. Алдын ала жасалған ескертулерге қарамастан, адамдар елді мекендерден тыс жерлерге шығып, қар құрсауында қалып қойып жатты», - делінген министрлік мәліметінде.
Мәселен, 2021 жылғы 16 қаңтарда Алматы облысы Кербұлақ ауданында «Сарыөзек-Көктал» республикалық маңызы бар автожолында қар құрсауынан 80 адам, оның ішінде екі баласы бар жүкті әйел құтқарылды. Қатты желден осы жолдың 15 және 40 шақырымындағы учаскені қар басып, салдарынан жолаушылары бар автокөліктер қар құрсауында қалып қойды. Бұл туралы Алматы облысының ТЖД-ға хабарланды. Бірінші кезекте құтқарушылар жүкті әйел мен балаларын қар құрсауынан эвакуациялады. Құтқарушылар әйел мен балаларды Сарыөзек кентінде тұратын туыстарына жеткізді. Жол қызметтерінің қызметкерлерін, әскери қызметшілерді және жергілікті атқарушы органдарды жұмылдыра отырып, автожолдарды тазалау және тұрып қалған автомашиналарды сүйреп шығару жұмыстары жүргізілді. Кейіннен автокөліктер өз бағыты бойынша қозғалысты жалғастырды.
2021 жылғы 25 ақпанда Қарағанды облысында ескерту жарияланды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық автожолдарда көлік қозғалысы жабылды. ТЖ департаментінің, 52859 әскери бөлімінің, Апаттар медицинасы орталығының бөлімшелері жолдарда 79 адамды, оның ішінде 7 баланы құтқарды. Құтқару жұмыстарының бірі Шет ауданында жүргізілді. Қызылқой ауылы ауданындағы «Алматы-Екатеринбург» автожолында қар құрсауында тоқтап қалған жедел медициналық жәрдем автомобилі мен жеңіл автокөліктен 9 адам құтқарылды. Құтқарылғандардың ішінде екі науқас: инфаркт алған ер адам және жүкті әйел жол талғамайтын көлікпен Қарағанды қаласына жеткізілді.
2021 жылғы 13-15 наурыз аралығында Шығыс Қазақстан облысында қар қар құрсауынан 164 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды, 63 техниканы сүйреп шығаруға көмек көрсетілді.
Айта кетейік, қысқы кезеңде елімізде 1 722 адам, оның ішінде 230 бала құтқарылды, 1 300-ден астам техника қар құрсауынан шығарылды.