Төтенше жағдайлар саласының мамандары судағы жайсыз оқиғаларға алаңдаулы
АСТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде суға түсу маусымы басталғалы қайғылы жағдайлар саны арта түсуде.
1 маусым мен 7 тамыз аралығында республика бойынша 265 адам суға кеткен. Бұл мәліметтермен бүгін журналистермен болған брифингте Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің аға инженері Любовь Шапошникова таныстырды.
Оның деректеріне қарағанда, өткен жылдың сәйкес мерзімінде елде суға кеткендер саны 355 адамды құраған. «Қазіргі таңда, әсіресе, суға батып кетіп жатқан балалардың өлімі алдаңдаушылық тудыруда. Жағдайдың бұлайша қалыптасуына азаматтардың суға түсудегі қарапайым ережелерді сақтамауы мен ересектердің өз балаларын жіті бақыламауы себеп болып отыр»,-дейді аға инженер.
Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері еліміздің судан құтқару қызметінің өкілдері 1 мың 35 адамды құтқарған. «Қайғылы оқиғалар ең көп орын алған аймақ Алматы облысы болып отыр. Онда 52 адам суға кеткен. Одан кейінгі орында Қарағанды облысы тұр. Бұл аймақта 38 адам судан ажал тапқан. Үшінші орын Шығыс Қазақстан облысының үлесінде. Онда 30 адам көз жұмған. Одан кейінгі орындарда Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстары тұр»,-дейді Л.Шапошникова.
Сондай-ақ ол сөзінде суға шомылумен байланысты жайсыз оқиғалар демалыс күндері мен мерекелерде күрт артатындығын атап өтті.
Өткен демалыс күндері, яғни 6-7 тамызда республика аумағында 11 адам суға батып кеткен.