Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Абылай Сабдалинге қатысты қылмыстық іс материалдары сотқа берілді
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Абылай Сабдалинге қатысты қылмыстық іс материалдары сотқа берілді.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай айтты.
Аталған тұлғаға қатысты қылмыстық іс материалдары Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотына жолданғанын атап өткен ол «А.Сабдалинге 45 мың доллар көлемінде пара беруді ұйымдастырды және екі телескопиялық аппарат сатып алуға қатысты мемлекеттік тапсырыс кезінде қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекетке 310 миллион теңге көлемінде нұқсан келтірді деген айып тағылып отыр», деді.
Айта кетейік, өткен жылы қыркүйектің 2-сінде А. Сабдалинге аса ірі көлемде пара беруді ұйымдастырды деген айып тағылып, Сарыарқа аудандық сотының санкциясымен қамауға алынған болатын.