Той-томалақ тыйылмай, вирус жойылмайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемді жайлаған коронавирус індетінің әзірше беті қайтар емес. Оған дүркін-дүркін жария етіліп жатқан статистикалық деректер нақты дәлел бола алады. Мәселен, бүгінде Жер бетінде күн сайын 480 мыңнан астам адамнан вирус табылып жатыр. Ал осы уақытқа дейін әлемде 208 млн адам коронавирус жұқтырып, оның 4,3 млн-ы аурудан ажал құшты. Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 228 елдің 38-інде соңғы күндері коронавирустың жаңа жағдайларының тіркелуі 50 пайыздан асып жығылды. Соңғы аптада аурудың ең жоғары өсімі Әзербайжанда байқалды. Бұл елде бір аптаның ішінде ауру 131 пайызға, ал Израильде 63, Жапонияда 21 пайызға өршіді. Қазақстанда да жағдай мәз емес. Соңғы аптада вирус өсімінің 2 пайызға төмендегені байқалады. Бірақ, бұл арқаны кеңге салып, тұрғындардың ел ішінде емін-еркін жүріп, той-томалақта сайран салуына жол беретін жайт емес.
None
None

Той-томалақ тыйылмай тұр

Бүгін Үкімет үйінде Министрлер кабинеті мүшелерінің басын онлайн режимде қосып, отырыс өткізген Премьер-Министр елдегі эпидемиологиялық ахуалға ерекше мән беріп, ең бірінші сөз тізгінін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға берген болатын. Ал министр сөзінен түсінгеніміз, Түркістан облысынан басқа барлық өңір «қызыл» аймақта тұрғанымен соңғы 3 аптада елімізде эпидемиологиялық ахуалдың біртіндеп тұрақтануы байқалады. Дегенмен, бір апта ішінде орташа есеппен шамамен 53 мың жағдай тіркеліп отыр. Бүгінге дейін республикада COVID-19-дың оң нәтижесімен 708 379 және КВИ теріс нәтижемен 66 381 науқас тіркелген. Инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 53, ал реанимациялық төсек-орындардың жүктемесі 47 пайызды құрайды. Төсекке таңылған науқастардың басым бөлігі Ақтөбе, Қызылорда, Алматы облыстарының еншісінде. Мұндай жайттың орын алуына не себеп? Оған халықтың бейқамдығы, карантиндік іс-шараларды елемеуі, той-томалақ жасаудан тыйылмауы себеп екені сөзсіз. Оны министр де айтып отыр.

«Карантиндік іс-шаралардың қолданыста болуына қарамастан бірқатар өңірде көп адамның жиналуымен салтанатты іс-шаралар, үйлену тойларын, еске алу түскі асын беру тыйылмай отыр. Карантинді өрескел бұзу фактілері де анықталып жатыр. Осыған орай жергілікті атқарушы органдарға мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді тапсыруыңызды өтінемін», - деп көмек сұрайды Алексей Цой Үкімет басшысы Асқар Маминнен.

Республикада карантиндік іс-шаралардың сақталуын жіті бақылау құрамында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, әкімдіктердің өкілдерінен, еріктілер мен полиция қызметкерлерінен жасақталған мониторинг топтарға жүктелген. Олар өз жұмыстарын тыңғылықты атқарып жатыр десек те болады. Күн сайын осы топтардың тексеруі барысында үйлену тойына, мерейтойға, сүндет тойға, тілашар мен ас беруге жиналған жұртшылықтың айыппұл арқалаудан жалтару үшін мейрамхананың есік-терезесінен жапа-тармағай қашып жүрген видеоларын да көріп жүрміз. Айыппұл да қомақты. Жеке адамға салынатын айыппұл мөлшері 87 мың болса, мейрамхана мен тойхана иесі 600 мың теңгеге жуық шығындауына тура келеді. Бірақ оны елеп жатқан халық та байқалмайды. Соңғы 2 аптадағы сараптамаға сәйкес, мониторинг топтардың рейд жүргізуі 16 пайызға артып, бұзушылықтарға жол берген нысандар саны 1,2 есеге өсті. Бірақ, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды облыстарында мониторинг топтардың жұмысы нашарлаған.

Осыған орай Үкімет басшысы Асқар Мамин халықтың шектеу іс-шараларын сақтауын бақылауды жалғастыру керектігін баса айтты.

«Халықтың шектеу іс-шараларын сақтауын бақылауды жалғастыру керек, бұл үшін өңірлерде мониторинг топтарының саны көбейтілді, олардың қызметінің тиімділігін күшейту қажет. Барлық өңірлер мен мемлекеттік органдар вакцина салдырудың қажеттігі туралы ақпараттық жұмысты кеңейтсін. «Қызыл» аймақтардағы өңірлерде демалыс күнгі локдаундарды сақтау қажет», - деді Премьер-Министр.

Ashyq-тан айыл жимайтындар көп

Коронавирус індеті өршіп, шағын және орта бизнестің шаруасы шатқаяқтап тұрған кезде билік олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беру үшін «Ashyq» жобасын іске қосқаны белгілі. Қазірдің өзінде жобаға 111 мың бизнес субъектісі қатысады. Пайдаланушылар саны - 4 млн-нан астам адам. Күн сайын 400 мың қазақстандық онлайн режимде мәртебелерін анықтап жатады. Бірақ, осы жобаға қатысатын нысандардың өздері талаптарды жиі бұзатыны да белгілі болып отыр. Мәселен, осы уақытқа дейін мониторинг топтар 60 473 нысанды тексеріп, 1 183 нысандағы ереже бұзушылықты анықтапты. Осындай нысандардың кесірінен де вирустың өршитіндігі айтпаса да түсінікті. Өйткені, аталған жобаны адал пайдаланатын кәсіпкерлік субъектілерінің арқасында 46 067 «қызыл» және «сары» мәртебесі бар келуші анықталған. Олардың 29 930-ы ПТР-дің оң нәтижесімен жүрсе, 16 137-сі науқас адаммен байланыста болған екен.

«Өкінішке қарай бұл статистика кейбір азамат үйде оқшаулану режимін сақтамайтынын, тұрғындар жаппай жиналатын нысандарға баруға тырысатынын, ел ішінде сапарлайтынын, сол арқылы төңірегіндегілерге жұқтыру қаупін төндіретінін көрсетеді. Айналасындағыларға қауіп төндіретін тұрғындардан азаматтық жауапкершілік танытуға және вирустың таралуына өз үлесін қоспауға өтінемін», - деді Алексей Цой.

Сонымен қатар министр республикадағы эпидемиологиялық ахуалды одан ары тұрақтандыруды қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясына шалдығу әрі өлім-жітім өсіміне жол бермеу мақсатында «қызыл» және «қою қызыл» аймақтарда тұрған өңірлерде демалыс күндері локдаун сақтау, мониторинг топтарының жұмысын күшейту, вакциналауға жататын халықты вакцинамен қамтуды арттыру, халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту, кәсіпкерлердің өтінімдерін ескере отырып, «Ashyq» жобасының көшбасшылары үшін критерийлерді соңына дейін аяқтау ұсынылатынын айтты.

Вакцинация...

Коронавирус инфекциясының таралуын тежеу, вирус жұқтырғанның өзінде ол жеңіл өтуі, жалпы бұрынғы қалыпты өмірге қайта оралуымыз үшін вакцина алуымыз қажет. Мұны медицина саласындағы білікті мамандар да жарғақ құлақтары жастыққа тимей насихаттап та жүр. Алайда, халық вакцина алуға асығар емес. Иә, вакцинациялау қарқынды жүріп жатыр, коронавирусқа қарсы вакцина қоры да жетілікті. Бірақ, қыркүйекке дейін Денсаулық сақтау министрлігі айтқан 10 млн адамдық межеге жете алмасымыз анық. Жалпы, Алексей Цойдың дерегінше, вакцинаның 1-компонентімен халықтың вакцинациялауға жататын тобының 62 пайызы, 6,1 млн адам, ал 2-компонентпен 48 пайызы, 4,8 млн адам егілген. Коронавирусқа қарсы вакциналау жұмысы Шымкент қаласында, Түркістан, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Ал вакцинаның 1-дозасын алушылар қатары Маңғыстау облысында төмен. Бұл өңірде халықтың 35 пайызы ғана вакцина алған.

«Өңірлер вакцинаның жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілген. Вакцина жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Барлық өңірге Қытайдың Sinopharm вакцинасының 1-топтамасы жеткізілді. Жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр», - деді Алексей Цой.

Жалпы министрдің айтуынша, елдің медициналық ұйымдары тұрақты жұмыс істеп тұр. Бүгінде 120 мыңнан астам пациент коронавирус инфекциясынан емделуде. Дегенмен, алғашқы тәуліктерде реанимацияға түскен науқастардың басым бөлігі, 40 пайыздан астамы «дельта» штаммын жұқтырғандар болып отыр. Аталған пациенттер өз-өзін емдеумен айналысқан және медициналық көмекке кеш жүгінген.

«Осыған орай жергілікті атқарушы органдар халық арасында аурудың алдын алу, өз-өзін емдеуге жол бермеу және медициналық көмекке дер уақытында жүгіну мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру үшін жұмыстарын күшейтуі қажет. Халықтан коронавирус инфекциясының алғашқы белгілері байқалғанда медициналық көмекке жүгінуді және өз-өзін емдеумен айналыспауды өтінемін. Қарапайым ережелерді сақтау жүздеген адамның өмірін құтқаратындығын есте сақтау қажет»,- деді Алексей Цой.


Соңғы жаңалықтар