«Тойда кортежбен жүру қазақтың ата салты емес» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 10 қазан, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Тойда кортежбен жүру  қазақтың ата салты емес» - баспасөзге шолу

***

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Украина Президенті Петр Порошенкомен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сан түрлі салалар бойынша уағдаластыққа қол жеткізіп, ынтымақтастықты жандандыру төңірегінде пікір алмасты. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Өзара сенімге негізделген серіктестік» деген тақырыптағы мақалада егжей-тегжейлі баяндалған. Басылымның жазуынша, кездесу барысында тараптар сауда-экономика, көмір өнеркәсібі, көлік-логистика және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Сонымен қатар, күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелер төңірегінде, соның ішінде Украинаның оңтүстік-шығысында қалыптасқан ахуал мен Минск уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысы туралы сөз қозғады. «Қазақстан Украинаның оңтүстік-шығысындағы халыққа азық-түлік мәселесінде көмек көрсетіп келеді. Бұл іс те жалғасын таба бермек. Халықаралық Қызыл Крест және Чернобыльдің «Укрытие» қоры арқылы да қаражат аударылатын болады. Жалпы, Қазақстан Украина жерінде бейбітшілік орнап, елдің дамуы тыныштық пен қауіпсіздік жағдайында жалғасқанын қалайды», деді Н.Назарбаев. Украина Президенті де келіссөздер нәтижесі екіжақты ықпалдастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. «Қазақстан Украинаның жақын серіктестерінің бірі. Ол біз үшін «Азияға ашылған терезе», ал біздің ел сіздер үшін «Еуропаға ашылған терезе» болады деп үміттенемін», деді П.Порошенко өз сөзінде.

Сонымен қатар осы басылымда жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтің «Елбасы елдікті еңселе т ті» деген тақырыппен көлемді мақаласы жария етілді. Мақалада ол Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тараз қаласындағы «Қазақ хандығы» монументінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінен қазақ тарихы мен руханиятына Елбасындай қамқорлық жасап, жанашыр болған абзал деген ой түйгендігін баса атап өткен. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқының ғана емес, тағдырдың жазуымен Қазақ елін мекендеп отырған түрлі ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы мен бірлігін, татулығы мен достығын сақтап, барша қазақстандықтарды ортақ мүдде мен ортақ мақсатқа жұмылдырып, біріктіре отырып, көп ұлтты және көп дінді мемлекет құрудың тамаша үлгісін айдай әлемге көрсетіп беріп, сүйсіндіре де білді. Сондықтан да бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елінің тарихы сол елдің екі тізгін, бір шылбырын өз қолына ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, бұған керісінше, Елбасының тағдыры Қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Бұл қос тағдыр тұтас бір халықтың тағдыры!», - деп жазады сенатор.

****

Еліміздің түкпір-түкпірінде той кортеждерінің жол ережелерін өрескел бұзған сәттері ғаламторды әлі де шарлап жүр. Егер де әлеуметтік желілерде азаматтардың басым бөлігі бұл видеолардағы заңсыздықтарды айыптап жатса, Оңтүстік Қазақстан облысының мәслихат депутаты Аманолла Раманқұл той кортеждерін заңды түрде бекітіп алу қажет деген ұсынысымен шықты. Осы ретте «Айқын» газеті әңгімеге заң ғылымдарының докторы,профессор Есберген Алаухановты тартқан. «Менің ойымша, бұны заң тұрғысынан бекітудің еш қажеті жоқ. Расында да, жылдан-жылға жастар үйлену тойларында шектен шыққан нәрселерге барып жатыр. Бірақ тойды ысырапсыз, қарапайым түрде өткізу керек. Мәселен, кеңестік дәуірлерде тойды өте қарапайым өткізетін. Өкінішке қарай, қазіргі жастар жылдан-жылға той кортежіне қатысатын көліктердің санын ұлғайтып, ұзынсонар колонна етіп жүргізеді. Байқасаңыз, кейде көліктің люгінен шығып алып, бір-бірімен құшақтасып, суретке түсіп жатады. Бұл жол жүру ережелерін бұзумен қатар, адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларға дейін апаруы мүмкін. Бұған, керісінше, өте қатаң тыйым салу қажет. Оның үстіне, той кортежін азайту керек. Жалпы, жолда қауіпсіз жүрудің шарттарын қамтамасыз ету парыз. Мұның бәрін қадағалау жол полициясы қызметкерлерінің міндетіне жатады», - дейді ол. Сұхбат « Тойда кортежбен жүру қазақтың ата салты емес» деген тақырыппен берілген.

Қазақстанда еліміз ішінде сапарлайтын ұшақтардың билеті қымбаттауы мүмкін. Отандық әуе компанияларының түсіндіруінше, «Қазаэронавигацияның» өз қызметтерінің құнын қымбаттатуы осыған әкеп соқтырады. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Тариф төңірегіндегі тартыс» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, «Қазаэрона-вигацияның» ішкі бағыттарға аэронавигациялық қызмет көрсетуден көретін табысының 57 пайызы «Эйр Астанадан», 25 пайызы «СКАТ»-тан, қалған 18 пайызы өзге әуе компанияларынан түсетін көрінеді. Басылымның жазуынша, «Қазаэронавигация» бас директорының орынбасары Марат Дауталиев РМК-ның реттелетін қызметтерінің құнын 17 жылдан бері көтермегенін алға тартуда. «Соңғы екі жыл ішінде «Қазаэронавигация» реттелетін қызметтері бойынша 2,7 миллиард теңге шығынға шықты. Өйткені бекітілген тарифтер қызмет көрсету шығыстары құнынан төмен және кәсіпорынның тиімді жұмыс жасауын қамтамасыз ететін кіріс табуға мүмкіндік бермейді. Өндірістік көрсеткіштердің жыл сайынғы өсуін және тарифтердің өзгермейтінін ескерсек, биылғы жыл қорытындысы бойынша 2,6 миллиард теңге мөлшерінде шығынға отырамыз деп күтудеміз!» деді ол. Сондықтан «Қазаэронавигация» өз тарифін бірден 44 пайызға көтеруге рұқсат сұрап отыр.