Тойдан кейінгі төбелес дерсің - Қуат Хамитов Конор мен Хабибтің шоуы жайлы
АСТАНА. ҚазАқпарат - ММА спортынан Қазақстанның танымал спортшыларының бірі Қуат «Найман» Хамитов ирландиялық Конор Макгрегор мен ресейлік Хабиб Нурмогамедовтың жекпе-жегіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшы өз пікірін инстаграм парақшасында қалдырды.
«Бәрінен бұрын маған жекпе-жектен кейінгі төбелес ұнады. Бұл төбелес менің есіме қазақтың тойынан кейінгі жағажыртысты есіме түсіріп жіберді. Сөзсіз, бұл турнир тарихта өз орнын табар. Мұндай шоу ұйымдастырған жігіттерге рахмет. Екеуі де нағыз батырлар», - деп жазды Қуат Хамитов.
Еске сала кетсек, бүгін АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы «Ти-Мобайл Аренада» аралас жекпе-жектің (MMA) тарихындағы ең айтулы айқастардың бірі, UFC 229 турнирінің ақтық сайысы - ирландиялық Конор Макгрегор мен ресейлік Хабиб Нурмагомедовтың айқасы аяқталған болатын. Жекпе-жекте ресейлік ирландиялықты қылқындыру әдісімен жеңді.
Әлемдік дәрежеде «Ғасыр жекпе-жегі» атанған айқастың шуы әлі басылмайтын секілді. UFC 229 турнирінде бүгін 27-ші жеңісіне жеткен ресейлік Хабиб Нурмогамедов сыйақысын ала алмауы ықтимал. Бұған дағыстандықтың айқастан кейін Конор Макгрегордың достарына тап беруі себеп болып отыр.
UFC президенті Дэйн Уайт жекпе-жек аяқталғаннан кейін тіпті комиссия Хабибті титулынан айыруы мүмкін екенін де айтып қалды. Оның сөзіне қарағанда, бұл шудың ақыры сотқа ұласуы мүмкін.