Toyota Alphard пен Estima көліктерімен жолаушы тасымалына тыйым салу керек — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Toyota Alphard пен Estima көліктерімен қалаларалық жолаушылар тасымалына толық тыйым салу керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев айтты. 

Toyota Alphard пен Estima көліктерімен қалаларалық жолаушылар тасымалына толық тыйым салу керек
Фото: freepik.com

— 2025 жылдың 10 айында жол-көлік оқиғаларының саны 27 пайызға артты. Такси қызметтерінде оң жақ рөлді көліктерді қолдануға тыйым салынғанына қарамастан, заңсыз жүргізушілер жұмысын жалғастырып отыр. Ал агрегаторлар бақылауды қамтамасыз етпейді. Оң жақ рөлді Toyota Alphard және Estima көліктері жаман атаққа ие болды. Өздеріңіз білетіндей, биыл шілдеде екі күн ішінде Жамбыл және Алматы облыстарында Альфард көліктерінің қатысуымен екі ірі жол апаты болды. Соның салдарынан 10 адам қаза тауып, тағы төртеуі жарақат алды. Оң жақ рөлді көліктерді жолаушылар кез келген коммерциялық та, қалааралық та тасымалдауға қолдануға толық және сөзсіз тыйым салу қажет, — деді Ернұр Бейсенбаев. 

Айта кетейік, тамызда Ақтөбеде Toyota Alphard жүк көлігімен соқтығысып, төрт адам мерт болды. Ал одан бір ай бұрын Алматы-Бішкек жолында тағы да Toyota Alphard тракторға соқтығысып, 6 адам қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар