15:55, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Төзімділік - әлем мәдениетіне бастар жол» деп аталатын республикалық байқаудың қорытындысы шығарылды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда балалар көркем шығармашылығының «Төзімділік - әлем мәдениетіне бастар жол» деп аталатын республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«2008 жылдың қыркүйек-қараша айларында өткізілген бұл байқауға республиканың барлық аймағынан мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер қатысты. Суретшілерден, өнер зерттеушілерінен, ҮЕҰ мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған комиссия олардың арасынан үздік 54 жұмысты бүгін тұсауы кесілген сурет көрмесіне ұсынып отыр. Бұл шығармалар көркемдік бейнелеу айшықтығы, өзгешелегі, орындау шеберлігі және тақырыпты аша білуі жағынан көркемдік тұрғыдан бағаланды», дейді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов. Онда 14-16 жастағылар арасында Рудный қаласындағы №2 гимназиядан Таңат Райымбаевтың (16 жас) «Біз біргеміз» деген шығармасы үздік деп табылды. 10-13 жас аралығындағылар арасында Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха қаласындағы Н. Островский атындағы №1 орта мектептен Гүлмариям Сержанованың туындысы ғана жеңімпаз деп танылды. Ал 7-9 жас аралығындағылар арасында Тараз қаласындағы №40 гимназиядан 8 жастағы Валерия Самарцеваның суреті бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ шығармалары іріктеу сынынан сүрінбей өткен 45 балаға 6 аталым бойынша мақтау қағаздары табыс етілді.