«Төзімділігі 20% артты» — Антибиотикке бой бермейтін бактериялар көбейіп келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдары бірқатар бактерияның антибиотиктерге төзімділігі артып келеді. Кейбірінің  төзімділігі үш жылда 20%-ға өскен. Бұл жөнінде ресми сауалымызға берген жауабында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді.

Бактерия, вирус, болезнь
Фото: pixabay.com

Комитет дерегінше, антибиотиктерге төзімді негізгі қоздырғыштардың қатарында E. coli, Klebsiella pneumoniae, Staphylococcus aureus, Pseudomonas aeruginosa, Acinetobacter baumannii және Enterococcus spp. бар. Олар көбіне кең спектрлі антибиотиктерге, цефалоспориндерге, фторхинолондарға және карбапенемдерге төзімді келеді.

— E. coli және Klebsiella pneumoniae бактерияларының III буын цефалоспориндеріне төзімділігі соңғы үш жылда 20%-ға артқан, — делінген комитет жауабында.

Қарапайым тілмен айтқанда, бактерия антибиотикке төзімді болған жағдайда дәрі оған бұрынғыдай әсер етпеуі мүмкін.
Мұндай микроорганизмдер көбіне несеп жолдары, тыныс алу жолдары мен қан ағымы инфекцияларында кездеседі. Сондай-ақ медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардан да анықталады.

Комитет бірнеше антибиотикке қатар төзімді микроорганизмдердің де кездесетінін атап өтті. Бұл мәселе әсіресе реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде өзекті.

Ауыр инфекция, сепсис немесе медициналық көмекке байланысты инфекция анықталса, қоздырғыш пен оған әсер ететін антибиотикті белгілеу үшін бактериологиялық зерттеу жасалады.

Қазір антибиотиктерге төзімділікті бақылайтын ұлттық жүйеге 26 зертхана тартылған. Жиналған деректер қоздырғыш пен инфекцияның түріне қарай талданады.

Бұған дейін жаңа туған сәбилерде де антибиотиктерге төзімділік байқалғаны хабарланған еді.