Трактор мінген қарағандылықтар ен далада адасып кеткен

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда құтқарушылар бір күнде екі рет трактормен ен далада адасып кеткен жолаушыларды іздеп тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Бірінші оқиға 26 желтоқсанда болған. Шет ауданының екі тұрғыны жайылымдағы жылқыны байқап қайту үшін трактормен жолға шығады. Бірақ бағдардан жаңылып, тәулік бойы жол іздеп жүре берген. 27 желтоқсан күні кешкісін олардың бірі жаяу жалғыз кетіп, түн ішінде Ақой ауылына жетеді. Барған бойда төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке далада қалған досы жайлы хабар береді.

«Іздестіру-құтқару тобы адасқан тракторшыны 28 желтоқсан күні 17:10-да Ақсу қыстауынан төрт шақырым жерден тауып, ауылға жеткізді», - дейді ТЖД баспасөз қызметіндегілер.

Екінші жағдай 27 желтоқсанда болды. Атасу ауылынан екі адам К-700 тракторымен «Шынболат» шаруа қожалығын бетке ала жолға шығып, адасқан.

«Іздеу-құтқару тобы оларды полиция және шаруа қожалығы қызметкерлерінің көмегімен құтқарды. Қатты соққан боран іздеу жұмыстарын қиындатып жіберді. Адасқандар 28 желтоқсан күні сағат 12-де Атасудан 46 шақырым жерден табылды», - дейді ТЖД баспасөз қызметіндегілер.

ТЖД қыс мезгілінде қауіпсіздік шараларына мән беруді, әсіресе боранды кезде алыс сапарға шықпауға кеңес береді. 

Соңғы жаңалықтар