Трамп Африкадағы АҚШ дипломатиялық миссияларын қысқартуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы аптада Мемлекеттік департамент пен АҚШ-тың Африкадағы елшіліктерінің қызметін қысқарту туралы жарлыққа қол қоюы мүмкін, деп жазады ТАСС агенттігі The New York Times басылымына сілтеме жасап.

Трамп Африкадағы АҚШ дипломатиялық миссияларын қысқартуы мүмкін
Фото: Report

Басылымның мәліметінше, құжат Мемлекеттік департаментті түбегейлі өзгертуді көздейді. Соның аясында АҚШ-тың бірқатар африкалық елдердегі елшіліктері жабылуы мүмкін.
Сондай-ақ, климаттың өзгеруі, көші-қон және адам құқықтары мәселелерімен айналысатын бөлімдер қысқартылмақ. Ең ауқымды өзгерістердің бірі – Африка елдеріне қатысты саясатты үйлестіретін басқарманың таратылуы. Оның орнына Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесіне бағынатын арнайы өкілдің кеңсесі құрылады.

Бұған дейін The Washington Post басылымы Трамп әкімшілігі Мемлекеттік департаменттің бюджетін екі есеге қысқартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Ал халықаралық ұйымдарға бөлінетін қаржы 90 пайызға дейін азаюы мүмкін.

Айта кетейік, Трамп Қаржы және Сауда министрлерінің үгіттеулерінен кейін тарифтерді уақытша тоқтатты.

Трамп әкімшілігі климаттық зерттеулерге бөлінетін қаржыны қысқартты.

Сондай-ақ, Трамп жеті федералдық агенттікте қысқарту жүргізуді бұйырды.

Соңғы жаңалықтар