Трамп әкімшілігі жұмысының алғашқы айында қандай нәтижеге қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Ақ үй президент Дональд Трамп әкімшілігі жұмысының алғашқы 30 күнінде қол жеткізген жетістіктерінің тізбесі қамтылған құжатты жария етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Америка дауысына сілтеме жасап.

Құжаттағы басты салалардың қатарында қауіпсіздік, сыртқы саясат, экономика, энергетика және үкімет жұмысының тиімділігін арттыру бар.
Президент Трамптың 1 ай ішінде қол жеткізген жетістігінің толық тізімі мынадай:
Қауіпсіздік
- Президент Трамп шекарада төтенше жағдай жариялады және Американың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскер жіберді.
- Шекарадан заңсыз өту соңғы 10 жылда ең төменгі деңгейге жетті.
- Ұлттық қауіпсіздік департаменті президент Трамп тұсында заңсыз келімсектерді тұтқындау саны екі есе өскенін жариялады.
- Президент Трамп заңсыз келімсектер үшін салық төлеушілер қаржыландыратын барлық мемлекеттік жәрдемақыны тоқтатты.
- Заңсыз келімсек қылмыскерлерді депортациялауды жандандырды.
- Мексикамен шекарада дуал құрылысын қайта бастады.
- Президент Трамп заңсыз келімсектер мен фентанилдің ағынын тоқтату үшін Қытайдан келетін импортқа қосымша 10 пайыздық тариф енгізді.
- Туу құқығы бойынша азаматтықты алып тастауды бұйырды.
- АҚШ-та босқындарды қабылдау бағдарламасын тоқтатты.
Экономика
- Президент Трамп болат импортына 25 пайыздық тарифті қалпына келтірді және америкалық өнеркәсіптің маңызды салаларын жосықсыз шетелдік бәсекелестіктен қорғау үшін алюминий импорты тарифін 25 пайызға дейін көтерді.
- Құрама Штаттар бұдан былай өзін тонауға төзбейтіндігін бүкіл әлемге паш ете отырып, әділ және өзара тиімді сауда жоспарын ұсынды.
- Жүздеген миллиард доллар жаңа инвестицияларды қамтамасыз етті.
- Ақпанда Филадельфия Федералды резервтік банкінің мамандары 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы экономикалық өсу болжамдарын 1,9 пайыздан 2,5 пайызға дейін, ал осы тоқсандағы жұмыссыздық деңгейінің болжамдарын 4,2 пайыздан 4,1 пайызға дейін төмендетті.
Өмір сүру құнының төмендеуі
- Президент Трамп атқарушы биліктің барлық құрылымдарының – департаменттер мен агенттіктердің басшыларына «Америка халқы үшін бағасының шұғыл төмендеуін қамтамасыз етуді және америкалық жұмысшылардың әл-ауқатын арттыруды» тапсырды.
- Президент АҚШ-тың ауқымды энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану және энергия бағасының төмендеуін қамтамасыз ету үшін Ұлттық энергетикалық үстемдік кеңесін құрды.
- Президент Трамп қызметке кіріскеннен бері шикі мұнай бағасы 5 пайыздан астамға төмендеді.
- Энергетика министрлігі Байден билігі тұсында қабылданған тиімділік стандарттары бойынша ауыртпалық ережелерді келесі құрылғыларға кейінге қалдырды, бұл америкалық тұтынушыларға қомақты соманы үнемдеуге мүмкіндік берді.
- Министр Шон Даффидің Көлік министрлігіндегі алғашқы қадамы Байден билігі кезінде қабылданған электромобиль мандатын іс жүзінде алып тастайтын орташа корпоративтік жанармай үнемдеу (CAFE) стандарттарын өзгерту ережелерін әзірлеуді бастауы болды.
Сыртқы саясат
- Президент Трамп Венесуэлада кепілге алынған 6 америкалықты, Ауғанстандағы 2 америкалықты, ХАМАС тұтқынында отырған АҚШ-Израиль азаматын, Ресейде түрмеде отырған пенсильваниялық мұғалімді және Беларусьтағы америкалық азаматты босатуға қол жеткізді. Осылайша президент Трамп кезінде босатылған америкалық азаматтардың жалпы саны 11 болды.
- Президент Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлесіп, басталған келіссөздер нәтижесінде бейбітшілікке қол жеткізуге тырысты.
- Трамп Иранға барынша қысым жасау саясатын қалпына келтірді.
- Иран қолдау көрсететін хуситтер тобын шетелдік террористік ұйымдардың тізіміне енгізді.
- Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуды қабылдап, Газада берік бейбітшілікті қамтамасыз етудің батыл тұжырымдамасын ұсынды.
- Жүздеген ХАМАС содыры мен жиһадшылар жұмыс істеген палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмысты ұйымдастыру жөніндегі БҰҰ-ның Таяу Шығыс агенттігін қаржыландыруға тыйым салды.
- АҚШ-тың ішкі істеріне қатысты өзіне құзіретті заңсыз алған және Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуды тұтқындауға негізсіз санкция берген Халықаралық қылмыстық сотқа қарсы санкция енгізді.
- Мемлекеттік департамент АҚШ-тың сыртқы саясаты алдағы уақытта «Америка бәрінен бұрын» қағидатына ұмтылатынын мәлімдеді.
- Президент Трамп әскери ведомствоның COVID-19-ға қарсы вакцинация туралы мағынасыз талабына байланысты жұмыстан шығарылған әскери қызметшілерге өтемақы төлеп, лауазымдарын қайта қалпына келтірді.
- Ішкі істер министрлігі өзінің картографиялық мәліметтер базасына ресми түрде жаңа атау енгізгеннен кейін «Америка шығанағы күнін» жариялады.
- Трамп АҚШ территориясының үстінде зымыранға қарсы жаңа буын қалқанын құру процесіне бастама жасады.
Энергетика
- Президент Трамп Американың энергетикалық әлеуетін толық ашу және америкалық отбасыларға бағаны төмендету үшін энергетика саласында төтенше жағдай жариялады.
- Байден әкімшілігінің антиамерикалық энергетикалық ережелерінің әрқайсысын жойды.
- Париж климат жөніндегі келісімнен шықты.
- Қайраңды бұрғылау үшін 625 миллион акр жерді қайта ашты.
Үкіметтегі есептілікті және ашықтықты қалпына келтіру
- Президент Трамп Үкіметтің өнімділігін арттыру және салық төлеушілердің қаражатын оңтайлы пайдалануды қамтамасыз ету үшін Мемлекеттік басқару тиімділігі департаментін (DOGE) құрды. Бұл салық төлеушілер үшін миллиардтаған доллар үнемдеуге мүмкіндік берді.
- Федералды бюрократияны қысқарту және ысырапты жою жоспарын жүзеге асыруға кірісті.
- Федералды агенттіктерге жұмыстан босатылған төрт қызметкердің орнына ең көп дегенде бір қызметкер жалдауға бұйрық берді.
- Тұтынушыларды қаржылық қорғау бюросының жұмысын тоқтатуға бұйрық берді.
- Федералды үкіметтегі христиандарға деген ағат көзқарасты тоқтатуға бұйрық берді.
- USAID-те ысырапшылдықты, алаяқтықты және теріс пайдалануды тоқтатты.
- Президент Трамп әртүрлілік, теңдік және инклюзивтілік (DEI) бағдарламасының кемсітушілік кеңселерін, қызметкерлерін және тәжірибесін таратты.
- Федералды үкімет тарапына кез-келген америкалық цензураны тоқтатуға бұйрық берді.
- Барлық үкіметтік емес ұйымды қаржыландыруды қайта қарауды тапсырды.
Америкалықтардың өркендеуі мен денсаулығы
- Президент Трамп «Американы қайтадан сау етейік» комиссиясын құрды. Ол ұлттық назарды ауруларды емдеуге емес, денсаулықты нығайтуға бағыттайды.
- Экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКҰ) қолжетімділікті кеңейту бойынша шаралар қабылдады.
- Америкалықтардың діни бостандығын қорғау үшін Ақ үй кеңсесін құрды.
- Сенатта кабинетін бекітуді өзінен бұрынғыларға қарағанда жылдамырақ жүргізді: кабинет мүшелерінің көпшілігі оның билігінің бірінші айында бекітілді.
Осыған дейін Трамптың Украинаны сайлау өткізуге шақырғаны туралы хабарладық.