Трамп АҚШ президенті ретіндегі алғашқы сөзінде не туралы айтты

АСТАНА. KAZINFORM –  АҚШ-тың 47-ші президенті Дональд Трамп Вашингтонда өтіп жатқан ұлықтау рәсімінде сөз сөйлеп, Американың алтын ғасыры басталғанын мәлімдеді. Ол осы күннен бастап мемлекеттің гүлдене беретінін айтты.

Трамп
Фото: Kazinform

Жаңа президент сөзінде иммиграция мен экономикаға назар аударатын «бірқатар бұйрықтарға» қол қоятынын және «елдің оңтүстік шекарасында ұлттық төтенше жағдай» жариялайтынын атап өтті.

Трамп иммиграциялық саясаттың күшейетінін және заңсыз иммигранттарды «келген жерлеріне» депортациялауды бастайтынын жеткізді.

- Біз «Мексикада қалу» саясатын қалпына келтіреміз. Мен басып алу және босату сияқты факторларды жоямын. Сонымен бірге қылмыспен, лаңкестік ұйымдармен де күресеміз.

1798 жылғы шетелдік жаулар туралы заңға жүгіне отырып, мен біздің үкіметті АҚШ-қа, соның ішінде біздің қалаларымыз бен қала маңындағы елді мекендерге жойқын қылмыс әкелетін барлық шетелдік бандалар мен қылмыстық желілердің басшыларын жою үшін құқық қорғау органдарының толық күшін пайдалануға бағыттаймын, - деді Трамп.

Ол өзінде АҚШ-ты қауіп-қатер мен басып кіруден қорғаудан артық жауапкершілік жоқ екенін және дәл солай істейтінін айтты.

Оның сөзінше, министрлер кабинетінің мүшелері рекордтық инфляцияны жеңу және шығындар мен бағаларды жылдам төмендету үшін қолдарында бар барлық күшті жұмылдыруда. Инфляция дағдарысы энергияның көп жұмсалуы мен қымбаттауынан туындады. 

Трамп бүгін елде «энергетикалық төтенше жағдай» жариялауды жоспарлап отыр. Америка тағы да әлемдегі ең көп мұнай мен газға ие индустриалды елге айналады.

- Біз бағаны төмендетеміз, стратегиялық резервтерімізді қайтадан қуатқа толтырамыз және америкалық энергияны бүкіл әлемге экспорттаймыз. Қайтадан бай ел боламыз, бұған аяғымыздың астындағы «сұйық алтын» көмектеседі, - деді жаңа президент.

Дональт Трамп «Жасыл жаңа мәміле» мен электромобиль мандатын тоқтататынын және Американың ұлы автомобиль өндірушілеріне берген уәдесін орындайтынын атап өтті.

- Мен америкалық жұмысшылар мен отбасыларды қорғау үшін бүкіл сауда жүйесін реформалауға дереу кірісемін, - деді содан соң.

АҚШ басшысы америкалық азаматтарға салық салудың орнына, өз азаматтарын байыту үшін шет елдерге салық салатынын айтты. Осы мақсатта қазынаға барлық тарифтер мен алымдарды жинайтын сыртқы кірістер қызметін жасақтамақ.

- Америкалық арман жақында оралады және федералды үкіметіміздің сенімі мен тиімділігін қалпына келтіру үшін бұрын-соңды болмағандай гүлдейді.

Мен сондай-ақ барлық үкіметтік цензураны дереу тоқтату және Америкада сөз бостандығын қалпына келтіру туралы бұйрыққа қол қоямын, - деді Трамп.

Ол «бұдан былай Америка Құрама Штаттары үкіметінің ресми саясаты тек екі жыныс - еркек пен әйел болуы керек» дегенді де қосты.

Президент әлем бұрын-соңды көрмеген ең қуатты армияны құруды көздеп отыр.

- Біз өз жетістігімізді тек жеңген шайқастарымызбен ғана емес, сонымен бірге біз аяқтаған соғыстармен де өлшейтін боламыз. Мен бітімгершілік пен біріктіруші болғанымды мақтан тұтамын. Мәселен, күні кешегі жағдайды қуана хабарлаймын. Таяу Шығыстағы кепілге алынғандар үйлеріне, отбасыларына оралуда. Америка жер бетіндегі ең ұлы, ең қуатты, ең құрметті мемлекет ретінде өзінің лайықты орнын, әлемнің таңданысын қайтарады, - деді Трамп.

Ол жақын арада «Мексика шығанағының» атауын «Америка шығанағы» деп өзгертіп, АҚШ-ты тарифтер мен таланттар арқылы өте бай еткен 25-ші президент Уильям МакКинлидің даңқын қайтаруды көздеп отыр.

Трамп Панама каналының ақымақтықпен Панамаға берілгенін атап өтті. Америка Құрама Штаттары жобаға бұрынғыдан да көп ақша жұмсады және Панама каналын салу кезінде 38 000 адамның өмірін қиды.

Оның пайымынша, бұл - ешқашан болмауы тиіс мәміле. Панама келісімдерді бұзды және америкалық кемелерге, соның ішінде Америка Құрама Штаттарының Әскери-теңіз күштеріне деген көзқарасы әділетсіз. 

– Біріншіден, бүгін мен Америка халқына тарих, ел, ең ұлы өркениет талап ететін батылдық пен күш-қуатпен қайта әрекет ететін уақыт келді деп үндеу жолдаймын. Біз халқымызды жаңа жеңістер мен табыстарға жетелейтін боламыз.

Өркендеуін арттырып, жерін кеңейтіп, қалаларын салып, үмітімізді ақтап, туымызды жаңа көрікті көкжиектерге желбірететін ел боламыз. Біз америкалық ғарышкерлерді ұшыру арқылы «жұлдыздарға» ашық барлауымызды жалғастырамыз.

Амбиция – ұлы халықтың қан тамыры. Дәл қазір біздің ұлт басқалардан да өршіл, біздей халық жоқ, - деді Дональт Трамп.

Президент өзінің тарихи-саяси оралуы туралы да атап өтті.

– Менің қазір сіздердің алдарыңызда тұрғаным – бірдеңені істеу мүмкін емес дегенге ешқашан сенбеу керек екендігінің дәлелі. Біздің елімізді біздің құқықтарымыз бен бостандықтарымыз үшін қолында барын берген патриоттардың ұрпақтары құрды және жасақтады. Олар бірігіп темір жол салып, зәулім ғимараттар тұрғызды, үлкен тас жолдар салып, екі дүниежүзілік соғыстан аман өтіп, фашизм мен коммунизмді талқандап, кез келген қиындықты жеңіп шықты, - деді ол.

Сонымен қатар халық Америка тарихындағы ең ұлы төрт жылдықтың табалдырығында тұрғанын және олар бірге Американы қалпына келтіретінін жеткізді.

- Мен сендермен біргемін, сендер үшін күресемін. Мен сендер үшін жеңемін. Біз бұрын-соңды болмағандай жеңеміз. Біздің алтын ғасырымыз енді ғана басталды. Барлықтарыңызға рахмет! - деп аяқтады АҚШ-тың жаңа президенті сөзін.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты қызметіне ресми түрде кірісуімен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар