Трамп АҚШ-тағы жанармай бағасын арзандатпақ

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп қымбаттап кеткен дизель отынын арзандатуға көмектесуге бағытталған жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап.

Трамп стремится снизить цены на топливо в США
Фото: fuelsmarketnews.com

Жарлыққа сәйкес, кез келген адам құрамында «қызыл бояу» бар, салық салынбайтын дизель отынын сатып ала алады.

— Бүгін кешке мен тас жолдан тыс жерде пайдалану талабын ресми түрде алып тастайтын және қалаған адамға кез келген себеппен құрамында «қызыл бояу» бар, салық салынбайтын дизель отынын сатып алуға мүмкіндік беретін тарихи жарлыққа қол қоямын, — деді Дональд Трамп Небраскадағы сайлаушылармен кездесуде.

АҚШ-та дизель отынына салынатын салықтар оның қалай пайдаланылатынына байланысты. Алыс қашықтыққа жүк тасымалдауға арналған дизель отынына федералдық және штаттық салықтар салынады. Ал ауылшаруашылық техникасына арналған дизель отынына, әдетте, салық салынбайды және реттеушілер мен инспекторлар оны тас жолдағы дизель отынынан ажырата алуы үшін қызыл түске боялады. 

Жарлыққа қатысты Ақ үйдің ақпараттық бюллетенінде Трамп көлік, ауыл шаруашылығы, қорғаныс және қазына министрлеріне салық салынбайтын дизель отынын алу мүмкіндігін кеңейту үшін жұмыс істеуді тапсырғаны және штаттарды дизель салығын алып тастауға шақырғаны айтылған.

Ирандағы соғысқа байланысты АҚШ-та дизель отынының бағасы күрт өсті.

Америка автомобиль қауымдастығының мәліметі бойынша, 22 қыркүйекте 1 галлон дизель отынының бағасы 6,52 долларға дейін рекордтық деңгейге жетті. 28 ақпанда Ирандағы соғыс басталғаннан бері АҚШ-та бір галлон дизель отынының бағасы 70%-дан астамға өскен.

Бензин мен күнделікті тауарлардың жоғары бағасы алдағы аралық сайлауда сайлаушылар үшін негізгі мәселеге айналды.

Бұған дейін Трамп АҚШ-тың дизель отынын экспорттауға тыйым салмайтынын мәлімдеген.

Сондай-ақ, АҚШ президенті елдің стратегиялық мұнай қорын жақын арада толықтыратынын мәлімдеді.