Трамп АҚШ Жоғарғы сотын қатаң сынға алды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп қалыптастыруға өзі ықпал еткен Жоғарғы сотты қатаң сынға алды, деп жазады Report.
Америкалық көшбасшы бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде жазды. Ол соттың пошта арқылы дауыс беруге қатысты өз жарлығын бұзу туралы шешіміне пікір білдірген.
АҚШ президенті 2026 жылы қабылданған және оның бірқатар жарлықтарының күшін жойған сот шешімдерін сынға алды. Трамп бұған дейін кандидатурасын өзі ұсынған Жоғарғы соттың үш мүшесі демократтардың бақылауында екенін мәлімдеді. Алайда олардың есімдерін атаған жоқ.
— Бұл сот біздің тарихымызда ең ауыр әрі бірқатар зиянды шешімдер қабылдаған орган ретінде қалады. АҚШ Жоғарғы сотын осылай сынға алу маған оңай емес. Бұл маған алдағы жылдары қымбатқа түсуі мүмкін. Алайда өзіміз жақсы көретін Америка үшін президент ретінде мұны жасау менің міндетім әрі парызым деп санаймын, — деді Трамп.
Сондай-ақ АҚШ президенті Жоғарғы соттың «туу туризміне» қатысты және кедендік баж салығын күшейту жөніндегі жарлықтарының күшін жойғанын да сынға алды.
— Кейбір судьялар бұл ессіз әрі арам пиғылды демократтардан қорқады. Сондай-ақ Американы қорғау үшін қажетті батылдықты танытуға мүлде қабілетсіз, — деп атап өтті ол.
Бұған дейін Трамп Киевті Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасамауға үндеген болатын.