Трамп әскери-әуе күштері басшысы лауазымына кандидатты таңдады

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңадан сайланған президент Дональд Трамп бұрынғы ұшқыш және Ұлттық барлау басқармасы директорының бұрынғы орынбасары Трой Мейнкті әскери-әуе күштерінің басшысы қызметіне тағайындады, деп хабарлайды ABC News.

Трамп
Фото: Andrea Izzotti; Eva Marie Uzcategui

Трой Мейнктің әскери салада және ұлттық қауіпсіздікте мемлекеттік қызметте, соның ішінде спутниктік және ғарыштық барлаумен байланысты лауазымдарда тәжірибесі бар.

Кандидатурасы бекітілген жағдайда ол Дональд Трамп президент ретіндегі бірінші мерзімінде құрған АҚШ Әскери-әуе және ғарыш күштерін басқаратын болады. 

- Трой біздің елдің Қорғаныс министрі қызметіне танымал кандидатымыз Пит Хегсетпен бірге әскери-әуе күштеріміздің әлемдегі ең тиімді және айбынды күш болуына кепілдік ету үшін жұмыс істейді, өйткені біз күш арқылы бейбітшілікті қамтамасыз етеміз, - деп жазды Дональд Трамп Truth Social-да. 

Трой Мейнк – Оңтүстік Дакота штатындағы Леммон қаласының тумасы. Әскери-әуе күштерінде КС-135 май құюшы ұшағында штурман болған.

Ұлттық барлау басқармасында ол жаңа спутниктік технологияны сатып алу үшін 15 млрд доллардан астам бюджетті қадағалады.

Бұған дейін АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Fox News журналисі Тэмми Брюс АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз қызметінің жаңа басшысы болатынын мәлімдеді

Соңғы жаңалықтар