Трамп БАҚ-тағы үгіт-насихат үшін $140 млн жұмсайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық партиядан АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамп сайлауға дейін өз кандидатурасын қолдау мақсатында БАҚ-та үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге $140 млн жуық қаражат жұмсауға ниетті.
Бұл туралы жұмада Associated Press (AP) агенттігі хабарлады.
Миллиардердің сайлау штабының өкілі Джейсон Миллердің айтуынша, $100 тележарнамаға, қалған $40 электрондық БАҚ-та үгіт-насихат жүргізуге жұмсалады. Сайлау 8 қарашада өтеді.
Трамп қарсыласы демократ Хиллари Клинтонға қарағанда, үгіт-насихатқа едәуір аз қаражат жұмсады. The Washington Post газетінің есебінше, республикалықтың штабы президент орнына талас басталған сәттен бастап, бұл мақсатқа $90 млн жұмсаған. Бұл ретте демократтан үміткердің жарнамаға шығысы тамызда $300 млн. асып кеткен.
Reuters агенттігі мен халықаралық Ipsos социологиялық орталығының бірлесіп жүргізген соңғы сауалнамасының нәтижесі бойынша Клинтон Трамптан төрт пайыздық тармақ алда келеді.