Трамп балаларға вакцинаны аз мөлшерде егуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп балаларға салынатын кейбір вакциналардың дозасын азайтып, екпелер арасындағы уақытты ұзартуды көздеп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Дональд Трамп
Фото: Анадолу

Трамп 18 қыркүйек күні Ақ үйде сөйлеген сөзінде кейбір вакциналарды дәрігерге бірнеше рет барып салдыруды, ал кейбір екпелерді қазіргі қолданыстағы мерзімнен кешірек егуді жоспарлап отырғанын айтты.

— Вакциналардың мөлшері айтарлықтай аз болады. Менің ойымша, бұл аутизм жағдайларының едәуір азаюына әкеледі. Бұл өте маңызды. Біз мұны ұсынамыз және осы ұстанымды талап ететін боламыз, — деді Трамп.

Оның айтуынша, вакцинаны аз мөлшерде алып, екпелерді 6 ай аралықпен салдыруға болады.

— Бір, екі, үш, төрт немесе бес екпе салуға болады, бірақ олардың арасы 6 ай болуы керек. Әр 6 ай сайын олар вакцинаның әлдеқайда аз мөлшерін алады және ақырында толық вакцинациядан өтеді, — деді АҚШ президенті.

Тамыз айында Трамп АҚШ аумағында вакцинацияның «алтын стандартын» енгізу туралы жарлыққа қол қойған. Оған сәйкес балаларға ұсынылатын профилактикалық екпелердің саны 18-ден 11-ге дейін қысқартылады.

АҚШ президенті вакцинацияны аутизмнің ықтимал қаупімен байланыстырды. Дегенмен, Трамп атап өткендей, Ақ үй балалар арасындағы аутизм жағдайларының көбею себебін әлі нақты анықтай алған жоқ. Оның айтуынша, ұсынылатын вакциналардың саны олардың ағзаға әсерін одан әрі зерттеу қажеттілігіне байланысты қысқартылып жатыр. 

Ол ұсынылатын вакциналар санын қысқарту олардың адам ағзасына әсерін әрі қарай зерттеу қажеттілігіне байланысты екенін айтты.

Бұған дейін АҚШ президенті балаларды вакцинациялау ұсынысын өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.

Айта кетейік, Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі жүргізілген зерттеулер балаларға вакцина салу мен аутизм арасында байланыс анықтамағанын мәлімдеген еді.