Трамп билікке келген алғашқы күні не істеуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Алғашқы күні АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп миграция, сауда және энергетика сияқты салаларға қатысты бірқатар жарлыққа қол қояды деп күтіліп отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі Pillsbury-ге сілтеме жасап. 

Трамп
Фото: Andrea Izzotti; Eva Marie Uzcategui

Бұл әрекеттер Байден билігі дәуіріндегі саясатты өзгертуге және жаңа басымдықтарды белгілеуге бағытталған.

Дональд Трамп осыған дейін президент болып тұрғанда 220 атқарушы бұйрық шығарды және екінші мерзімінің алғашқы күндерінде де көптеген бұйрықтарға қол қоюға дайын. Ол бұйрықтар кең ауқымды мәселелерді қамтиды және бірқатар сала бойынша сайлау алдында берген уәделерді орындауға бағытталған, атап өткенде:

* Әлемдік импортқа 10% баж салығын және Қытай тауарларына 60% баж салығын, сондай-ақ Канада және Мексика тауарларына 25% импорттық үстеме салықты қоса алғанда, тарифтерді енгізу;

* Миграция мен шекара қауіпсіздігін күшейту, соның ішінде шекара қызметіне оңтүстік шекарада көбірек адамдарды ұстауға нұсқау беру, әскери ресурстарды орналастыру және шекара қабырғасын салу;

* Джо Байденнің 2050 жылға қарай таза нөлдік федералдық шығарындыларды және биліктен кетіп бара жатқан әкімшілік бекіткен қоршаған ортаны қорғау нормаларының күшін жою.

Энергетикалық және экологиялық саясатта АҚШ-тың Париж келісімінен шығу процесі, бұрғылауға (соның ішінде Арктикада) шектеулерді алып тастау және сұйытылған табиғи газды экспорттауға тыйым салуды алып тастау арқылы ішкі энергия өндірісін ұлғайту, сондай-ақ Байден кезеңіндегі электр көліктерін қолдауды тоқтату болуы мүмкін.

Сотталғандарға рақымшылық жасалып, жазасы жеңілдетілуі мүмкін. Жаңадан сайланған президент Трамптың мәлімдеуінше, ол 2021 жылдың 6 қаңтарында АҚШ Капитолийін басып алғаны үшін сотталғандарға рақымшылық жасап, жазасын жеңілдетуді жоспарлап отыр. Президенттің бұл саладағы билігі абсолютті дерлік, барлық федералды қылмыстық құқық бұзушылықтарға таралады және әдетте оны Конгресс шектей алмайды немесе соттар қарай алмайды.

Трамп әкімшілігіндегі қалған бос қызмет орындарын толтыру үшін тағайындаулар жалғасады. Жаңа президент оның басымдықтарына сәйкес келетін немесе Байден дәуірінің саясатын сынайтындарға ерекше назар аударуы мүмкін.

Осыған дейін АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Панама каналы мен Гренландияны бақылауға алу үшін әскери күш, сондай-ақ Канаданы иелену үшін экономикалық күш қолдану мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдегенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар