«Трамп бұғазы»: АҚШ президенті Ормуз бұғазын қайта атауды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Иранмен жалғасып жатқан қақтығыс аясында жаңа бастама көтерді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

«Трамп бұғазы»: АҚШ президенті Ормуз бұғазын қайта атауды ұсынды
Фото: Ақ үй

Сәрсенбі күні АҚШ президенті стратегиялық маңызы бар су жолы АҚШ бақылауына өткенін мәлімдеп, Ормуз бұғазын «Трамп бұғазы» деп қайта атауды ұсынды.

— Енді ол АҚШ бақылауында болғандықтан, Ормуз бұғазын «ТРАМП БҰҒАЗЫ» деп қайта атауымыз керек емес пе? Американың өзі сияқты, ол бұрынғыдан да «ыстық» болады, — деп жазды президент Truth Social әлеуметтік желісінде.

Кейін Ақ үй Парсы шығанағының картасын жариялап, онда ұсынылған жаңа атауды көрсетті. Алайда бірнеше сағаттан кейін Трамп бұғаздың атауын өзгерту туралы ұсынысты міндетті түрде жүзеге асыруды көздемейтінін мәлімдеді.

— Бұл жай ғана ұсыныс еді, — деді ол журналистің Сопақша кабинеттегі сұрағына күліп жауап беріп.

Әлемдік мұнайдың шамамен бестен бір бөлігі Ормуз бұғазы арқылы тасымалданады. Вашингтон бұл теңіз жолы АҚШ бақылауында екенін мәлімдесе, Тегеран бұғаздың іс жүзінде жабылғанын айтып отыр.

Бұл мәлімдеме Ормуз бұғазы маңындағы әскери қимылдардың қайта шиеленісуінен кейін жасалды. Сейсенбі күні АҚШ күштері Иран аумағындағы нысандарға соққы беріп, Тегеранды су айдынына мина орнатуға әрекет жасады деп айыптады. Бұған жауап ретінде Иран өңірдегі АҚШ әскери базаларына шабуыл жасады.

Трамп өзінің екінші президенттік мерзімі кезінде халықаралық су айдындарының географиялық атауларын бірнеше рет өзгерту туралы бастама көтерді. Мұндай ұсыныстардың кейбірі басқа елдерге қатысты әзіл ретінде жасалған.

Бұған дейін Apple компаниясы АҚШ-тағы пайдаланушыларға арналған Apple Maps картографиялық сервисінде Онтарио көлінің атауын «Америка көлі» деп өзгертті. Бұл Трамп су айдынының атауын өзгерту туралы жарлыққа қол қойғаннан кейін болды.