Трамп Чикаго қаласына 300 сарбазды жіберу туралы бұйрық берді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Президенті Дональд Трамп Иллинойс штатының Чикаго қаласына 300 ұлттық гвардия сарбазын жіберуге санкция берді. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысының орынбасары мәлімдеді, деп хабарлайды DW

Трамп Чикаго қаласына 300 сарбазды жіберу туралы бұйрық берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Ақ үйдің өкілі Эбигейл Джексонның айтуынша, бұл шешім федералдық қызметкерлер мен мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

— Президент Трамп америкалық қалаларды жайлаған заңсыздыққа көз жұма қарамайды, — деді Джексон.

AFP агенттігінің хабарлауынша, Трамп бұл шешімді бірнеше апта бойғы ескертулерінен кейін, жергілікті биліктің қарсылығына қарамастан қабылдаған.

Еске сала кетсек, қыркүйек айында АҚШ федералдық билігі елдің бірнеше қаласында заңсыз мигранттар мен қылмыскерлерге қарсы арнайы операциялар бастаған болатын. Бұл шаралар Бостон, Чикаго және Нью-Йорк билігінің наразылығын тудырған еді.

Министрдің мәлімдемесі

АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм әлеуметтік желі X парақшасында Чикагода құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасалғанын хабарлады.
— Қызметкерлердің көліктерін онға жуық автокөлікпен бөгеп, соның бірінде жартылай автоматты қарумен қаруланған шабуылшы болған, — деді министр.

Оның сөзінше, жағдайды бақылау үшін арнайы жасақтың қосымша күштері жіберілген.

— Көмек келе жатыр, — деп жазды Ноэм.

Қақтығыстар және жараланғандар

4 қазанда Reuters агенттігі хабарлағандай, Чикагоның оңтүстік-батыс бөлігінде болған наразылық кезінде АҚШ Кеден және шекара қызметінің (ICE) қызметкерлері қарулы әйелге оқ атқан. Бұл оқиға федералдық агенттер мен демонстранттар арасындағы қақтығыстардан кейін болған.

Заң өкілдерінің ешқайсысы ауыр жарақат алмаған. Әйелдің кім екені анықталған жоқ, ол өз күшімен ауруханаға жеткізілген. Денсаулығы туралы мәлімет әзірге берілмеді. Агенттер тәртіпсіздік кезінде көзден жас ағызатын газ және резеңке оқтар қолданған.

ICE қызметіне қарсы наразылық

Трамптың биыл ақпанда Ақ үйге қайта оралуынан кейін АҚШ-тағы миграциялық саясат қатайтылған болатын. Маусым айында Сан-Францискода ICE қызметі жүргізген рейдтер жаппай наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге ұласқан.

Осыған жауап ретінде Трамп Калифорнияға жүздеген ұлттық гвардия сарбазын және теңіз жаяу әскерлерін жіберген, бұл шешімге штат билігі қарсы шыққан еді.

Мұндай акциялар Нью-Йорк, Остин және Даллас қалаларында да өтті. Нью-Йорктегі демонстрациялар кезінде «Оларды қайтарыңдар!» ұранымен Trump Tower ғимаратында митинг ұйымдастырылған.

Бұған дейін Трамптың шешімімен Лос-Анджелес пен Вашингтон қалаларында да ұлттық гвардия күштері жұмылдырылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар