Трамп Газадағы қақтығысты екі-үш аптада реттеуге болатынын айтты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Газадағы қақтығысты екі-үш аптада реттеуге болады деген пікірде. Бұл туралы ол Ақ үйде Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мёнмен кездесудің басында журналистердің сауалдарына жауап бере отырып, мәлімдеді, деп жазады ресейлік ТАСС.
- Меніңше, біз алдағы екі-үш аптада қақтығысты толық аяқтауға қатысты қорытынды шешімге келеміз деген ойдамын. Бұл туралы жалпы бірдеңе айту қиын, себебі олар мыңдаған жылдар бойы соғысып келеді, ол жер қашанда қақтығыстың ошағы болып келген, - деді Трамп.
18 наурызда Израиль әскері Газа секторында атысты тоқтату туралы режимді бұзып, қуатты соққылар жасап, әскери әрекеттерді жандандырды.
Израиль премьер-министрі кеңсесі бұны ХАМАС палестиналық радикалды қозғалысының келіссөздер барысында делдалдар мен АҚШ президентінің арнайы елшісі Стивен Уиткоффтың ұсыныстарынан бас тартуымен түсіндірді. Олар сектордағы операцияның басты мақсаты – кепілдегі адамдарды босату деп біледі. Радикалдар болса әскери әрекеттердің жандануына Израиль мен АҚШ-ты айыптап отыр.
8 тамыз күні Израильдің әскери-саяси кабинеті премьер-министр Биньямин Нетаньяху ұсынған Газа қаласын толық бақылауға алу және Палестина анклавындағы операцияны кеңейту туралы жоспарды мақұлдады. 20 тамыз күні Израильдің Қорғаныс министрі Исраэль Кац бұл жоспарды бекітті.
Осыған дейін Израильдің Газаны толық басып алу операциясын бастағаны туралы жаздық.