Трамп: Иран Ормуз бұғазын ашуды сұрап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Иран Вашингтоннан Ормуз бұғазын ашуды сұрап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Deutsche Welle.
Америкалық көшбасшының айтуынша, Тегеран ел ішінде күрделі жағдайға тап болып, «коллапс күйінде» екенін жеткізген.
– Олар басшылықтағы жағдайды реттеп алғанша, Ормуз бұғазын мүмкіндігінше тезірек ашуымызды қалайды, – деді Дональд Трамп.
Алайда бұл ақпараттың қандай арна арқылы алынғаны нақтыланбаған. Reuters агенттігі де бұл мәліметтің нақты дереккөзі көрсетілмегенін атап өтті.
Өз кезегінде Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи АҚШ-тың өзі келіссөздерге мүдделі екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, Вашингтон әскери қақтығыста өз мақсаттарына жете алмаған.
Reuters дерегінше, Иран ұсынған бейбіт реттеу жоспары үш кезеңнен тұрады. Алдымен АҚШ тарапынан әскери әрекеттерді қайта бастамау кепілдігі берілуі тиіс. Кейін Ормуз бұғазы ирандық сауда кемелері үшін ашылып, оның болашақтағы мәртебесі анықталуы қажет. Тек осыдан кейін ғана Тегеран өзге мәселелерді, соның ішінде ядролық бағдарламаны талқылауға дайын.
Айта кетейік, Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20%-ы тасымалданады.